10 жыл бұрын пәтерлері отқа оранған ақтөбелік отбасына көмек көрсетілді
Пәтерлері осыдан 10 жыл бұрын өртеніп кеткен Куниктер отбасы бүгін қоныс тойын тойлап жатыр. Соңғы 3 айда ерлі-зайыпты қариялар тұрғылықты мекен-жайы жоқ адамдарды уақытша бейімдеу орталығында тұрып келді. Осы уақыт аралығында олардың екі бөлмелі пәтері қайырымды ақтөбеліктер көмегімен күрделі жөнделді.Ұзақ уақыттан кейін пәтерлеріне қайтып оралған қариялардың қуанышында шек жоқ. Бұл пәтер осыдан 10 жыл бұрын отқа оранған. Қызыл жалын Куниктердің жалғыз ұлын жалмап алды. Артынша ерлі-зайыпты қыздарынан да айрылады. Бүгінде алпысты алқымдаған екеу адам тұрғысыз жағдайда болса да үйлерін тастап, ешқайда кетпеген. Тек биыл қыс алдында есік-терезесі жоқ, өрт шалған төрт қабырға ортасында қалса, жазға жете алмасын білген олар әлеуметтік бейімдеу орталығынан пана табады. Ерлі-зайыпты екеудің тағдыры турасында бұған дейін де хабарлағанбыз. Ғұмырларында қиындықты көп көрген отбасының жағдайына қанық болған қайырымды ақтөбеліктер бейжай қала алмапты. Көршілері Куниектердің екеуі де ішімдікке жақын екендігін жасырмады. Пәтерлерінің өртенуіне арақ себеп болса керек. Осыны ескерген қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшылығы оларды назарда ұстайтын болады. Василий мен Раиса Куниктер медициналық тексеруден өтеді. Аяғында кінәраты бар Василий Куникке мүгедектік жәрдемақысы тағайындалуы қажет. Бірақ ол құжаттарын жоғалтып алған. |
Количество показов: 2022
Дата создания: 18.03.2013 19:24:56