1 маусымда республикалық тас жолда жүк көліктері үшін жазғы қозғалыс тәртібі енгізіледі
Республикалық, халықаралық деңгейдегі тас жолдардың қалпын сақтап тұруға септік ететін түрлі талаптар мен шектеулер бар. Ол тәртіптер әсіресе жүк көліктерінің жүргізушілеріне бағытталған. Мәселен, алдағы айдан бастап ауа температурасы 25 градустан жоғарылағанда ауыр салмақты жүк көліктері тас жолмен күндіз жүре алмайды. Самара-Шымкент тас жолы бойында орналасқан кемпингтің ауласы жүк көліктеріне лық толы. Шамамен 50 шақты Камаз аялдап тұр. Жүргізушілердің басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары. Бірді-екілі техника белгілі бір компанияларға тиесілі болса, қалғандары ел арасына, қала арасына жүк жеткізіп беруді кәсіп еткен мына отырған азаматтардың нанын тауып жеп жүрген жеке көліктері. Кемпингтің ауласында техниканы бір тәулікке қалдыру 650 теңге. Осының басында жүргізшілерге қонақ үй де бар. Бірақ, қайткенде ақшаның шашауын шығармай отбасына жеткізуді қалайтын ер азаматтар жүк көлігінің кабинасында түнеуге әбден ет үйреткен. Көліктік бақылау инспекторлары қаладан шыға беріс төрт қақпаны күні-түні күзетеді. Жылжымалы бекеттер түтін өлшегіш, газанализатор, дозометр, салмақ өлшегіш құралдармен, бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Сондай-ақ алыс жолда жүргізушілер тоқтап, демалып тұруы қажет. Талап бойынша 500 шақырым жол жүргеннен кейін міндетті түрде аялдап, тынығып алады. Ал жүкті мейлінше тез уақытта жеткізудің амалы 1 техниканы екі жүргізуші кезектесіп айдайды. 1 маусымнан бастап енгізілетін шектеу де мәселені ақшамен шешіп жүрген жүргізушілерге еш кедергі келтірмесі анық. |
Количество показов: 2106
Дата создания: 29.05.2013 18:59:25