1 келі героин сатпақ болған жігіт ұсталды
4-шілде күні қалада аса ірі көлемде есірткі затын сатпақ болған 24 жастағы жігіт ұсталды. Күдіктінің ізіне полиция маусым айында түскен. 3 күн ішінде 224 грамм есірткі сатып үлгерген жігіт 1 келіден астам героинді саудалау үстінде құрықталды. Жуырда облыста кезекті героин сату арнасы жойылды. 24 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Полиция оның ізіне маусым айында түскен. 4 шілдеде құрықталмас бұрын жігіт жалпы салмағы 223 грамм есірткі затын екі бөліп сатып үлгерген. Қылмысы дәлелденер болса, мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айрылады. Соңғы жарты жылда өңірде есірткі бизнесіне қатысты 76 қылмыс ашылды. Оның 45-і сату дерегі. Заңсыз айналымнан 10 келіден астам есірткі тәркіленді. Екі жарым келісі героин. Облыстық ІІД баспасөз мәслихатында сондай-ақ "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ-ның жаңа ғимаратына "жарылғыш зат орнаттым" деп жалған хабар берген ер адам жөнінде де тың ақпарат белгілі болды. Еске сала кетсек, қазір қамауда отырған 31 жастағы қала тұрғыны маусымның 20-сы күні таңда жұмыс басталған сәтте "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ басшысының кеңсесіне қоңырау шалып, ғимаратта жарылғыш зат бар деп хабар береді. Бүтін құтқару қызметтері жұмылдырылып, ғимараттан 600 адам қауіпсіз аумаққа көшіріліп, бомба 4 сағат бойы іздестірілді. Бірақ, күдікті зат табылмады. |
Количество показов: 1937
Дата создания: 09.07.2013 18:28:03