Өңірде пара алу дерегі азаймай тұр
Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша, өңірде 77 қылмыс анықталған. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда аз. Оның 57-сі сыбайлас-жемқорлық дерегі бойынша тіркелген. 47 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Пара алып, қылмысты болған кімдер? Деректерге сүйенсек, құқыққорғау органдары мен қорғаныс саласында 30, сондай-ақ жемқорлыққа жол берген жергілікті атқарушы органдардан 25 қылмыс анықталды. Олардың арасында әкімдер мен әкімшілік қызметкерлері бар. Айта кетейік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, мемлекеттік қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелеріне сыйлық жасауға тыйым салынады. Бұған дейін Азаматтық кодекстің 509 бабы бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі, яғни 27 мың теңгенің сыйлығын беруге рұқсат етілген болатын. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлер өз қарамағына туыстарын жұмысқа ала алмайды. Атап айтар болсақ, мектеп директоры өзі басқаратын мекемеге жақын туыстарын мұғалімдікке алуға тыйым салынады. Мұндай тыйымдар әскери қызметкерлерге, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне де қатысты.
Количество показов: 746
Дата создания: 15.10.2020 18:51:11