Өңірімізде қатерлі ісіктен қауіп азаймай тұр
Дәрігердің айтуынша, қатерлі ісік ерте 1-2 сатысында анықталса, науқастың дерттен айығып кету мүмкіндігі жоғары. Ал, науқас, өкінішке қарай, ауру әбден асқынған кезде, ісіктің 3-4 сатысында бір-ақ қаралады. Сондықтан жыл сайын үзбей скрининг өту маңызды. Былтыр есепте тұрғандардың 32 пайызы кеселді жеңе алмай, көз жұмған. Биыл да көрсеткіш мәз емес. Есепте 8827 адам тұр. Онкологтың сөзіне сенсек, қатерлі ісік темекі, арақ-шараптың кесірінен жүре пайда болады. Кей жағдайларда тұқым қуалауы мүмкін. Тағы бір себебі салауатты өмір салтын ұстанбауда жатыр. Оған экологияны қосыңыз. Соңғы кездері мамандар стресстің жаман әсерін айтып жүр. Өкінішке қарай, аты жаман ауру балаларды айналып өтпеуде. Онкологияға шалдыққан бүлдіршіндер Астана немесе Алматыға жолданады. Онкологияны емдеуде химиялық терапия қолданылады. Ол үшін қазынадан былтыр 7 млрд теңге бөлінген. Мұндай қомақты қаражат емдеуге ғана емес, диагностикалық зерттеулер мен науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтуға бағытталады. Айта кетейік, қазақстандық ғалым қатерлі ісікке қарсы бірегей препарат жасап шығарды. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеген болатын. Министрдің айтуынша, әлемде бұл препараттың аналогы әлі жоқ. Дәріні ең алдымен қояндар мен тышқандарға сынаған. Сосын онкология университетінде қатерлі ісікке шалдыққан 15 адам сынақтың бірінші кезеңінен өтті.Бірегей препарат келер жылы нарыққа шығарылмақ. Бұл өз кезегінде, елімізде қатерлі дерт көрсеткішін төмендетуге септігін тигізеді деген үміттеміз.Количество показов: 387
Дата создания: 24.01.2024 20:06:30