«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында алғашқы 216 үміткер іріктелді
«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы өңірімізде алғашқы нәтижесін берді. Былтыр басталған игі шараға қатысып, баспаналы болуға ниеттенген жас отбасылардың алғашқы легі іріктелді. Алдағы жұма күні 216 пәтер иесіне жолдама беріледі. Бүгін үй кезегіне іліккен ақтөбеліктерден құжат қабылдау жұмысы қортындыланды. Баспанаға зәру 1100 жас отбасы арасынан іріктелген 216 үміткердің бағы жанды. Енді олардың төлем қабілеттілігін "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ облыстық филиалы жіті тексереді. Бұл сыннан сүрінбей өтсе, пәтер кілтіне қол жеткізеді. Қала әкімінің орынбасары Қуантқан Әлімов бүгін "Қолжетімді баспана- 2020" бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған шаралардың айқындылығын жария етті. Тұрғын үйдің берілуін бақылауға алатын комиссия мүшелерінің басын қосты. Үміткерлердің құжаты 30 күн бойы жан - жақты тексерілген. Құжат тексеру барысында сәйкес баллға жеткен жанұялар тіркелу мерзіміне байланысты алға шығарылған. Жанаргүл Дүйсекенованың айтуынша, аты- жөні , тегі бір ақтөбеліктер де болыпты үміткерлер арасында. Қателік жібермес үшін бұл шаңырақ иелерінің құжатын комиссия мүшелері егжей - тегжейлі қараған. "Нұр Ақтөбе" ықшам ауданынан пәтерге қол жеткізетін жас отбасылар сегіз жыл бойы пәтер ақысының 50 пайызын банкке жинауы керек. Пәтер үшін жалға ақы төлемейді. Коммуналдық төлемдерді ғана өтеп тұруға міндетті. Іріктелген 216 үміткердің тізімі қала әкімдігі сайтында және жергілікті басылымдар бетінде жарияланады. |
Количество показов: 2349
Дата создания: 15.04.2013 18:56:11