Ә.Молдағұлова даңғылы мен Ағайынды Жұбановтар көшесінің қиылысында жылу жүйесі жөнделіп жатыр
Бүгін "Трансэнерго" АҚ Ә.Молдағұлова даңғылы мен Ағайынды Жұбановтар көшесінің қиылысындағы жылу жүйесін жөндеуге кірісті. Аталған аймақтағы жылу құбырлары соңғы рет осыдан 20 жыл бұрын алмасқан. Сол уақыттан бері осы аудандағы жылу жүйесінің аракідік жыртығы жамалғаны болмаса, жөні түзу жөндеу көрмепті. Теміржол басқармасы жанындағы №14-жылу камерасы мен Әуе қорғанысы күштері әскери институтын қосатын құбыр желісінің жалпы ұзындығы 180 метр. Сондай-ақ жаңаратын жылу жүйесі көлік қозғалысы көп Ағайынды Жұбановтар көшесін қиып өтпек. Осыған орай аталған аймақтағы құрылыс жұмыстары негізінен көлік қозғалысы саябырсыған түн мезгілінде жүргізілетін болады. Биыл Ақтөбеде барлығы 13 шақырымнан астам жылу құбыры алмастырылуы тиіс. Оның 10 шақырымға жуығы қазына қаражатының есебінен жаңартылып жатса, 2,5 шақырымға жуық құбыр "Трансэнерго" АҚ-на тиесілі қаржыға жөнделуде. Қазір қаламыздың Тұрғындар қалашығы, Сүт зауыты аудандарындағы бірқатар көшелерде жылу қазандықтары алмастырылып, құбырлар қайта қалпына келтірілді. |
Количество показов: 2856
Дата создания: 23.08.2012 18:48:47