Ә.Молдағұловаға тиесілі болуы мүмкін сүйек табылды
Ресейдің Псков облысы Новосокольники ауданындағы Монаково селосында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған сүйек қалдықтарының арасында Әлия Молдағұлованың да қаңқасы бар болуы мүмкін. Ресей және Қазақстан іздестірушілері барлығы 173 адамның қаңқасын қайта жерлеген. Үш әйел қаңқасы ажыратылған. Экспедиция құрамында болған ақтөбелік өкілдер бүгін сапарда көрген білгендерімен жергілікті журналистермен бөлісті. Бұл адамдардың Ресей жерінде өткен халықаралық экспедициядан оралған беттері. Құрамында студенттер, "Жауынгерлік бауырластық" бірлестігі өкілдері, "Қос Шынар" қоғамдық қорының төрағасы Ғалымжан Бәйдербес бар іздестірушілер тобы сапарға 3-ші тамызда шығып кеткен болатын. Оларды Ресейдің Псков облысында ресейлік "След пантеры" және алматылық делегация күтіп алған. Барлығы бірігіп "Қазақстан естелік вахтасы-2013" бағдарламасы аясында Новосокольники ауданындағы Пиченка бауырластар зиратында қазба, іздестіру жұмыстарын жүргізді. Барлығы 173 кеңес жауынгерінің қаңқасын жер бетіне шығарған. Олардың арасында Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың да сүйегі бар болуы мүмкін. Табылған 173 қаңқа 17 табытқа салынып қайта жерленген. Ақтөбелік іздестірушілер Әлия Молдағұловаға тиесілі болуы мүмкін сүйекті бөлек табытқа салғызған. Оған зерттеу жұмыстары жүргізіледі. ДНК сараптамасы жасалады. Пиченка бауырластар зиратының орны ҰОС кезінде госпиталь болған. Ол жерде шамамен 540 адамның сүйегі жатыр. Мұрағаттағы материалда көрсетілгендей, Әлия Молдағұлова борышын өтеген 54-жеке атқыштар бригадасы жауынгерлерінің сүйектері де сол жерде жатыр. Табылған 173 қаңқаның үшеуінен мамандар әйел адамдарды анықтап отыр. Біреуін моңғолойд нәсілді десе, қалған екеуін еуропойд нәсілді әйелдер деп таныған. Олар да Әлия Молдағұлова секілді мерген қыздар болған деген ақпарат бар. |
Количество показов: 2050
Дата создания: 27.08.2013 18:34:18