Жоғары лауазымды полиция қызметкері сотталып жатыр
ІІД бастығының бұрынғы орынбасары Алтай Аңшыбаев мекеменің қаржылық жұмыстарына жауапты болған. Оған аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырып, талан-таражға салғаны үшін айып тағылып отыр. Іс материалдарына сәйкес, 2016 жылдың маусым айында Елек полиция бөлімінің автокөлік шеберханасын күрделі жөндеуге 18 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Алайда Алтай Аңшыбаев құрылыс жұмыстарының толық аяқталмағанына қарамастан, мердігерге заңсыз ақша аударған. Орындалмаған жұмыстың көлемі 6 млн теңгені құрайды. Айыпталушыға осы 6 млн теңгені қымқырды деген айып тағылып отыр. Дегенмен жоғары лауазымды полицей өзіне жала жауып отыр деп есептейді. Мол қаржыны олжалаған жоқпын. Құжаттардан олқылық кеткен. Сәйкес келмейді дегенді айтады. 10 ай бұрын ұсталған Алтай Аңшыбаевтың үстінен ҚР ҚК 189 "Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу" бабы бойынша үш қылмыстық іс өндірісі қозғалды. ІІД бастығының орынбасары өзіне тағылған айыппен келіспейді. Ол сотта берілген соңғы сөзінде тек жұмыс барысында салғырттық жібергенін айтып, ақтап алуды сұрады. Әрі бауыр церрозымен ауыратындықтан өзіне ем қажеттігін жеткізді. 54 жастағы Алтай Аңшыбаев Батыс Қазақстан облысының тумасы. Ол 2015 жылдың қыркүйегінен бастап Ақтөбе облыстық ІІД бастығының орынбасары қызметін атқарып келген. Кәмелетке толмаған 4 баласы бар. Алтай Аңшыбаевқа қатысты ертең сот үкім шығарады.
Количество показов: 1053
Дата создания: 11.03.2019 18:53:00