Жеке үйлер орналасқан көшелерден қар алына бастады
Қалада жеке тұрғын үй секторында қыс бойы жиналған қарды полигонға тасу жұмыстары басталды. Арнайы техникалар бүгін Мәскеу ауданындағы Мясоедов, Бақтыбай батыр, Мөңке би көшелерінің қарын аршуға кіріскен. Бұған дейін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміндегілер жеке үйлер орналасқан аумақтардан қар шығару ақпан айының ортасында басталады деген. Мәскеу бұрыннан көктем шықса, су астында қалатын аудандардың бірі. Үйлер ескі, аласа. Аулалар жолдан төмен орналасқан. Қар ерісе, қызыл су бірден үйлерді толтырады. Ал биыл ақ ұлпа былтырғыдан көп жауды. Қазір Мәскеу ауданында аулалардан шығарылған қар биіктігі үйлерден де асып кеткен. Алда әлі ақпанның ақтүтек бораны бар. Жеке тұрғын үй секторына қыс бойы ат ізін салмаған техникалар бүгін Мәскеу ауданында төбе көрсетті. Көшелерде үйілген қарлар жинала бастады. Мұндай жұмыстар Құрмыш, Шанхай, Әуе қалашығы аудандарында да жүргізіліп жатыр, дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Ернар Қалауов. Облыстық, қалалық жол-транспорт инспекциясы нұсқауымен бір жолақты көшелердің де қары аршылып жатыр. 31-ші қаңтардағы жағдай бойынша қаладан 81 мың текше метр қар полигонға шығарылған. Айта кету керек, жолдарды қысқы мезгілде күтіп ұстауға 12 мердігер мекеме жұмылдырылған.Количество показов: 758
Дата создания: 01.02.2023 13:04:06