Жастар есірткіге қарсы!
Бүгін бүкіләлемдік есірткіге қарсы күрес күні. Осы датаға орай ақтөбелік жастар қарсылық акциясын өткізді. Оталық стадион алдында жастар «Есірткіге жол жоқ» деп ұрандады. Бұл әрекеттері арқылы олар есірткінің құрығына түскен замандастарына өмірді темекісіз де жарқын, көңілді өткізуге болатынын түсіндіруге тырысты. Ән мен биден бөлек қыз-жігіттер сарбаздармен бірге жаттығу жасады. Сахнада черлидингтен түрлі байқаулардың жеңімпаздары өз өнерлерін паш етті. Арнайы жасақ сарбаздары есірткі сатушысын қолға түсіру тәсілдерін көрсетті. Ақтөбеде бес айда 7 жарым келі есірткі заты тәркіленсе, оның 200 грамы героин. Ал облыста есірткінің құрығына түскен 1127 адам тіркеуге алынған. Оның 131-і нәзік жандылар. Бір қуантатыны есепке алынғандар арасында балалар жоқ. ІІМ Есірткіге қарсы күрес комитетінің мәліметі бойынша Қазақстан есірткі пайдаланатын жасөспірімдер саны 30 пайызға кеміген. Ал БҰҰ-ның есебі бойынша соңғы үш жылда әлемде апиын өндірісі күрт артты. Жаңа синтетикалық есірткілердің көлемі де ұлғайған. 2009 жылдан бері олардың деңгейі екі есеге дейін өскен.
Количество показов: 2742
Дата создания: 27.06.2014 03:06:59