Жасөспірімдер қылмысы азайды
Қалада жасөспірімдер арасындағы қылмыс 47 пайызға төмендеген. Бірақ, жеткіншектер алаяқтық жасау, көлікті айдап әкету секілді қылмыстарды жиілеткен. Бұл деректер бүгін қалалық ішкі істер басқармасында өткен жиын кезінде мәлім болды. Мектеп және колледж басшылары полициямен бірге жыл бойына атқарылған шаруалар ретін қорытындылады. Қалада 117 оқу орны бар. Оның 67-і мектеп, 30-ы колледж және жетеуі жоғары оқу орны. Білім алып жүрген оқушылардың тәртібі үнемі ювеналды полиция қызметкерлерінің бақылауында. Солардың жұмысының нәтижесі ме, әлде жасөспірімдердің құқықтық сауаты артты ма, биыл кәмелетке толмағандар арасында қылмыс саны 47,3 пайызға төмендеген. Бірақ, балалардың алаяқтық жасау және көлікті айдап әкету оқиғалары көбейіп отыр. Жыл басынан бері жеткіншектер жеті рет алаяқтыққа барып, бес көлікті туыстарының рұқсатынсыз айдап кеткен. Түрлі қылмысқа барған 2 мың 417 бала ішкі істер бөліміне жеткізілді. 47 оқушы кәмелеттік жасқа толмағандарды бейімдеу орталығына жіберілді. Қалалық ішкі істер басқармасы басшысының орынбасары Нәби Алдамжаровтың айтуынша, сауда нүктелері мен ойын-сауық орталықтарының қожайындары қазір заңға адал. Жасөспірімдерге ішімдік, темекі сатпайды. Түнгі клубтарға тексеріп кіргізеді. Соның өзінде, жыл бойы жүргізілген рейдтер барысында тиым салынған уақытта көңіл көтеру орындарында 44 жеткіншектің жүргендігі анықталды. Түн ішінде ересектердің қадағалауынсыз көше кезген мыңнан астам бала үйлеріне қайтарылды. Оқушыға темекі сатқан 22 сатушы әкімшілік жауапқа тартылды. Жасөспірімдер қылмысын болдырмауда "Бүркіт" жасағының еңбегі зор. Олар биыл оқушылар арасында 11 топтық төбелестің алдын алды. Жасақ мүшелері 52 баланың жоғалған немесе ұрланған ұялы телефонын тауып берді. |
Количество показов: 2382
Дата создания: 04.12.2013 18:55:30