Жас кәсіпкерлердің бизнес форумы өтті
Жастар қаншалықты белсенді? Жас кәсіпкерлерге қолдау жеткілікті көрсетіліп жүр ме? Осы мәселелер бүгін Ақтөбеде өткен жас кәсіпкерлердің I шекаралық бизнес форумына арқау болды. Белсенді жастардың басын қосқан форумға Атырау, Батыс Қазақстан облыстары мен Орынбордан жас кәсіпкерлер келді. 24 жастағы ақтөбелік бизнесмен Марат Әбиев өз кәсібін аяғынан тұрғызу үшін біраз тер төккен. Ол бала кезінен компьютер тілін меңгеріп, оны жөндеуді қолға алады. Сондай-ақ қалада алғашқылардың сапында ресейлік GPS-тетіктер фирмасының делдалы болады. Сөйтіп 13 жасында 5 мың доллар пайда тапқан. Көлік жуушы, сатушы бола жүріп, желілі маркетингпен де айналысыпты. Ал қазір 11 миллион доллардан асатын дәулеті бар. Жас кәсіпкер жақында «Forbes» журналының тізіміне ілікті. Кәсібін дөңгелетіп отырған ол Иранмен байланыс орнатқан. Жас миллионер бүгінгі форумда бизнесін енді ғана бастаған кәсіпкерлерге өзінің бірнеше құпиясын жайып салды. Ал Орал қаласынан келген Дәурен Сатқанов - өз кәсібін несиесіз, ешкімнің ешқандай қаржылық қолдауынсыз бастаған кәсіпкер. Жеке фото студиясы бар. Бизнесінің гүлденгеніне 6 жыл. Дәурен өзі секілді жеке ісін бастағысы келетін жастардың көп екенін біледі. Бірақ, банк талаптарынан меселі қайтып, кері шегінуге мәжбүр болғандары да аз емес. Жас кәсіпкерлердің I шекаралық бизнес форумында іскер жастар "Мен- кәсіпкермін", "Өз кәсібіңді қалай ашуға болады?", "Бизнес кеңесші" тақырыптарында өткен тренингтерге қатысты. Форумда сондай-ақ, жастар арасында кәсіпкерлікті дамытып, оларға қолдау көрсету мәселесі жан-жақты талқыланды. Қатарластарынан оқ бойы озық жүрген қыз-жігіттердің жеткен жетістіктері баяндалды. Сондай-ақ жастар тәжірибесі, жас мамандардың жұмысқа орналасуы сияқты мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. |
Количество показов: 2604
Дата создания: 19.11.2013 18:05:54