Жалақыдан қағылған жұмысшылар аштық жариялады
Қараша айынан бері жалақыларын алмаған "Стройсервис и К" компаниясының жұмысшылары бүгін наразылық шарасын өткізді. Компания басшылығы әне береміз, міне беремізбен оларды әуре-сарсаңға салып қойған. Шарасыз қалған құрылысшылар бүгін компания ғимаратында аштық жариялады. Жұмысшылар нысанды уақытылы дайындап өткізгендерін, соған қарамастан маңдай терлерінің ақысы қолдарына тимегенін айтады. Екі айдан бері қарызданып, қауғаланып келе жатқан олардың кейбірі тіпті жолақыға ақша таба алмай, бірнеше шақырымдаған жерге жаяу қатынайтын көрінеді. Компания басшылығы болса ақшаның әлі аударылмағанын алға тартыпты. Жалақыдан хабар болар деген үмітпен жұмысшылар компания ғимаратына күніне бір рет ат ізін салады. Бірақ, әзірше тым-тырыс. Жұмысшылар құрылыс фирмасының бастығын мүлде көрмепті, тіпті аты-жөнін де білмейді. Сұңғат деген орынбасарымен ғана тілдесеміз дейді. Күнде үйіне бос қол қайтатын олар кімге шағымданарларын білмей дал. Мәселеге қаржы полициясының да араласуын сұрайды. Мәселенің мән-жайын білмек болып құрылыс фирмасының ғимаратына бас сұқтық. Бірақ, ол жердегі қызметкерлер қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты. Тіптен басшының атын да жария етуге батпады. Шарасыз жұмысшылар бүгін ғимарат ішінде аштық жариялады. Олар мұны еңбекақыларын төлегенге дейін жалғастыруға бекініп отыр. |
Количество показов: 1795
Дата создания: 23.12.2013 18:41:43