Жалғыз ұлынан айырылған ана әділдік іздеп жүр
Айдың-күннің аманында жалғыз ұлы оққа ұшқан ана әділдік іздеп, шарқ ұруда. 20 жастағы Талғат Қуанбаев былтыр жазда жастар арасындағы жанжал кезінде атып өлтірілген. Оқиғаға күдікті ретінде ұсталған жігітті алқа билер соты кінәсіз деп тауып, бостандыққа жіберді. Марқұмның туыстары бұл үкіммен келіспей отыр. Наразы топ бүгін сот ғимараты жанында қарсылық акциясын өткізді. Жан дегенде жалғыз ұлынынан айырылған Айман Тілекованың жергілікті соттан көңілі қалды. Баласына бір емес төрт рет оқ атқан қылмыскердің бостандықта жүргеніне, немересінің әкесіз өскеніне қайғыдан қан жұтқан ана көнгісі келмейді. Былтыр тамыздың алтысынан жетісіне қараған түні орын алған оқиғаны марқұмның бөле ағасы Айболат Есмұрзин өз көзімен көрген. Айтуынша, сол күні Байғанин ауданынан қыдырып келген туысы Талғат Қуанбаев екеуіне Заречный ауданындағы аялдамада бір топ жігіт кезіккен. Сөзден сөз шығып, жастар жанжалдасып қалады. Марқұмның туыстары тергеудің де, сот отырысының да дұрыс жүргізілмегендігіне наразы. Оқ атылған шолақ мылтық белгісіз жағдайда жоғалып кеткен. Ал оқ, екі куәгердің сөздері, сараптамалардың нәтижелері алқа билер сотын сендіре алмаған. Айыпталушы 21 жастағы Нұржан Қалдыбаев биыл қаңтар айында сот залынан босап шықты. Мұндай үкіммен келіспей, арызданушылар аппеляциялық алқаға жүгінген. Жақында жауап алды. Сот үкімді өзгерткен жоқ. Наразы тарап енді кассациялық алқаға арыз дайындап жатыр. Бұдан нәтиже шықпаса, Айман президентке дейін бармақ. Облыстық соттан бұл іске қатысты жауап алу мүмкін болмады. Баспасөз хатшысы Гүлзия Мақсатқызы дүйсенбі күні түсінік беретін болды. |
Количество показов: 2149
Дата создания: 11.04.2014 18:49:34