Жаңақоныста дәрігерлік амбулатория ашылды
Жаңақоныс ауылында қайта жарақтандырылған дәрігерлік амбулатория ашылды. Көлемі 300 шаршы метрлік ғимараттың құрылысына 71 млн теңге жұмсалыпты. 50 орындық жаңа дәрігерлік амбулатория белгіленген мерзімде біткен, заманауи медициналық-құрал жабдықтар сатып алынған. Мұнда бір мезетте 50 адам ем қабылдай алады. Республикалық бюджет есебінен салынған амбулаторияның құрылысы мерзімінен бұрын аяқталыпты. Салтанатты шараға денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мен тұрғындар қатысты. Шашу шашылып, жылы лебіздер айтылды. Облыс бойынша жыл аяқталғанша осындай 9 дәрігерлік амбулатория ашылмақ. Бұған дейін Оңтүстік-Батыс ауданы мен Қарғалы ауылында дәл осындай нысандар пайдалануға берілген болатын. Жаңа амбулаторияда тұрғындардың денсаулығын бақылау мақсатында медициналық бөлмелер, ультра-дыбыстық зерттеу қондырғылары, физиотерапия бөлмелері, балалар дәрігерінің, акушер-гинекологтың қабылдау кабинеттері мен зертхана, тіркеуге алу орны бар. Аз ғана уақыттың ішінде заманауи стандарттарға жауап беретін жаңа ғимараттың бой көтергені тұрғындар үшін үлкен қуаныш болды. Ауыл тұрғындары осыған дейін қаладағы емханаларға қатынап, қаралып келді. 23 млн теңгеге қажетті құрал-жабдықтары түгел сатылып алынған мына амбулаторияда енді Жаңақоныс ауылының тұрғындары күндіз ем қабылдай алады. Айта кетелік, "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасы бойынша облыста тағы 50 емхана салу жоспарда бар. Алдағы желтоқсан айында 500 орындық екі емхана пайдалануға берілмек. |
Количество показов: 2203
Дата создания: 18.11.2013 18:31:55