Жаңақоныс ауылында аурухана ашылды
Жаңақоныс елдімекенінде Ақтөбе облыстық ауруханасы ашылды бүгін. Қаңтар айынан бастап науқастарды қабылдайтын болады. Өңірімізде іссапарымен жүрген ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова 4 қанаттан тұратын кең ғимаратты аралып шығып, ондағы медициналық жабдықтарды көрді. Заманауи құрылғылармен жұмыс жасайтын дәрігер-мамандармен тілдесті. Жобаны жүзеге асыруға 11 миллиард теңгеден астам қаражат жаратылыпты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайрат Сабыр аурухана құрылысымен таныстырып шықты. 300 орындық жаңа көп салалы стационар облыстың ересек тұрғындарына кешенді түрде жоғары сапалы медициналық көмек көрсетеді. Ол үшін 20-дан астам емдеу-диагностикалық бөлімшелер жасақталған. Соның ішінде хирургиялық қызметке басымдық берілген. Ғимарат іші түгел автоматтандырылған. Техникалар пультпен басқарылады. Сондай-ақ радио байланыс орнатылған. Компьютерлік және магнитті-резонанстық томографтар, ангиограф, ультрадыбыстық сканер, "жасанды бүйрек", "жасанды бауыр" аппараттарымен қамтамасыз етілген. Денсаулық сақтау министрі заманауи, әрі қымбат құрылғылардың қаңтарылып бос тұрып қалмауы қадағалануы қажет деді. Жаңа ауруханада жоғары білікті медициналық және ғылыми қызметкерлер жұмыс жасайтын болады. Олар Оңтүстік Корея, Ресей және Европа елдерінде оқып, тәжірибе жинақтап қайтқан. Ал аурухана жаңа жылдан бастап науқастарды қабылдайды. Қалада биыл пайдалануға берілген тағы бір медициналық нысан Оңтүстік Батыс-1 ауданындағы амбулатория. Салидат Қайырбекова ондағы халыққа қызмет көрсету сапасымен де танысты. Облыс әкім Архимед Мұхамбетов осы жылы бюджеттен 12 медициналық нысан құрылысына 2,7 миллиард теңге жұмсалғандығын жеткізді. Бүгінге дейін "100 аурухана" бағдарламасымен 60 орындық Ойыл орталық аудандық ауруханасы, қалада екі емхана және 200 кереуеттік облыстық балалар ауруханасы тұрғызылды. Оған қоса 45 медициналық кәсіпорынға өз алдына шаруашылықпен айналысу құқы берілген. |
Количество показов: 2332
Дата создания: 11.12.2013 19:43:28