Жүк көліктері кемпингте қаңтарылып тұр
Алысқа қатынайтын жүк көліктері қала сыртындағы кемпингте қаңтарылуға мәжбүр. Батыстың бораны мен аязы кезектесіп, жүргізушілердің жолын байлады. Олар апталап ауа райының тұрақталуын күтеді. Алымбек Омаров-Алматының тумасы. Жеке кәсіпкер жүк тасымалымен айналысады. Жүргізушінің елдің батысы пен оңтүстігінің арасын жол қылып жүргеніне сегіз жылдан асқан. Алған беті- Атырау. Жолға шыққанына бес күн болыпты. Аяз бен боранның кесірінен діттеген жерге жете алмай келе жатырмын дейді. Ақтөбеге аялдап, сапарын әрі жалғастырады. Алымбектің дәл осындай жеке үш көлігі бар. Отбасын асырап отырғаны да- осы кәсібі. Бірақ, соңғы уақытта жағдайдың қиындап бара жатқанына қынжылады. Оны кедендік одақпен байланыстырады. Шекара ашылғанымен, шектеулер көбейді дейді. Бұрын жүк көлігі қызметіне айына 4-5 рет тапсырыс түссе, қазір алыс жолға ауыр жүк таситындардың табысы екі есеге азайған.Қалаға кіреберістегі кемпингте 20-ға тарта жүк көлігі тұр. Жаздыкүндері жолшыбай аялдайтын жүк көліктерінің саны күніне 200-ге жетеді дейді кемпинг қызметкері. Ал жолдың жайын жақсы білетін жүргізушілер қыс мезгілінде республикалық дәрежедегі жолдар жиі тазартылып тұрса және жол бойы кемпингтер көптеп салынса дейді. |
Количество показов: 2015
Дата создания: 10.01.2014 18:53:26