Зейнеткер 13 шақырымды жүгіріп өтті
Тәуелсіздік күніне арналған ерекше тарту. Зейнеткер Қайберен Сайдулдаев Ясный ауылынан теміржол вокзалына дейінгі аралықты жаяу жүгіріп өтті. Бұл марафонды ол ел тәуелсіздігінің 22 жылдығына арнады. Қария 13 шақырымды 1 сағатта бағындырып, жастарға үлгі болды. 63 жастағы қарияның қимылдары ширақ, жүрісі жылдам. Тіпті қария деуге аузың бармайды. Әскери зейнеткер салауатты өмір салтын бала жасынан ұстанады екен. Байқоңырдың тумасы. Алайда саналы ғұмырын Ақтөбе өңірінде өткізген ол қазір Ясный ауылында тұрады. Ауылдан таңғы сағат оннан жиырма минут өткенде шыққан ол тура бір сағатта мәреге жетті. Бұқаралық спортты насихаттап жүрген Қайберен аға 4 немересін де дене еңбегімен айналысуға баулиды. Қазақстанның атын кәсіпқой ғана емес, бұқаралық спортпен де әуелетуге болады. Мәселен ағамыз Малайзияға демалысқа барғанында 10 шақырымды 55 минутта бағындырып, еліміздің атын шығаруға титтей де болса үлес қосқанын мақтанышпен айтады. Алла жазса қария Гиннестің рекордтар кітабына енуден де кетәрі емес. Елбасымыз да бұқаралық спортты негізгі тапсырмалардың бірі етіп қойғаны белгілі. Тәуелсіздігіміз баянды болуы үшін дені сау ұрпақ тәрбиелеу ең басты мақсат,- дейді қария. Пайғамбар жасында 13 шақырымды еш қиналмастан жүгіріп өткен ақсақалдың бастамасы қазіргі жастар үшін үлгі етуге тұрарлық. |
Количество показов: 1953
Дата создания: 16.12.2013 15:40:58