Қызылжар ауылының тұрғындары жылусыз қалды
Қатты аяздан өткен демалыс күндері Қызылжар ауылы бүтіндей жарықсыз қалды. Күн санап тұрғындары артып келе жатқан елді мекенде қыс басталса жарық пен жол, газ, су мәселесі қиындайды. Осы мәселе биыл тағы қайталанған соң, азынаған бөлмелерде бүрсең қаққан тұрғындар күн суытқалы үйлерін тастап кетіп жатыр. Ауыл жолдары ақ қарға көмілген соң онсыз да көп қатынамайтын автобустар келуін сиретіп, балалар сабақтан қалады. Қытымыр аяздарда су желілері қатып қалады. Тұрғындардың айтуынша, соңғы кезде жарық жиі өшетін болған. Ол Алуа Баймұханова секілді тұрғындарға тиімсіз. Өйткені оның үйі жарықпен жылу тарататын мына секілді қондырғымен жылиды. Даудың басы өткен сенбіде басталған. Түске таман жарық өшіп қалып, келесі күні кешкісін беріліпті. Бөлмелер суытып, бүрсең қаққан тұрғындар ауылдағы жарық таратқышқа жауапты «Электросеть строй» мекемесіне хабарласқан. Электрші мамандар Алуаның үйіндегі тоқ беретін желілерді, дәлірек айтқанда жылу қондырғысын ашып қарамаған. Нәтижесінде 24 сағаттық салқынға шыдас бермеген құрылғы қақ жарылыпты. Қазір Алуаның үйінен дала жылы. Кешелі бері электр пешін ортаңғы бөлмеге қосып қойып осында жүр. Үйді тастап кетуге ұры-қарыдан сескенеді. Балаларын үй суытқалы көршілеріне тапсырған. Қақаған қыста жылусыз қалған ол мердігер мекемені жауапсыздығы үшін сотқа бермекші. Үш күннен бері жылусыз отырған тұрғындардың жағдайын білуге Благодар селолық округінің әкімі арнайы келіп кеткен. Ол мәселенің тез арада шешімін табатынын айтып, тұрғындарға уәдесін берген де. Дегенмен Алуа Баймұханова уәде орындалғанша үйдегі жылу құбырлары түгелімен жарылып кете ме деп қауіптенеді. |
Количество показов: 1970
Дата создания: 27.01.2014 17:48:57