Әйтеке би ауданында мектеп пен балабақша ашылды
Әйтеке би ауданының Белқопа елді мекенінде жаңа білім ордасы ашылды. Тұңғыш президент күніне орайластырылған салтанатты шараға облыстық білім басқармасының басшысы Жанат Самұратова арнайы барып, ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісті. Шалғай ауылда бой көтерген білім ордасының құрылысына жергілікті бюджеттен 89 млн теңге бөлінген. 100 орындық мектепті "Айтаба" ЖШС-гі 4 айда салып бітірген. Мектептің ішінде жаңа заманға сай жабдықталған 36 орындық асхана мен спорт залы бар. Сонымен бірге интерактивті тақта, физика пәнін оқытуға қажет құрал-жабдықтар бар. Ғимаратқа әзірге салқын су келіп тұр. Ашылу салтанатына қатысқан облыстық білім басқармасының басшысы Жанат Самұратова жиналғандарды мектептің ашылуымен құттықтады. Биыл облыста 19 орта мектеп пен 3 балабақшаның күрделі жөндеуден өткенін жеткізді. Аудан әкімі де ауыл халқының қуанышымен бөлісті. Ол алдағы уақытта ауыл мен қала арасындағы жол жақсарып, су мәселесінің де шешімін табатынына уәде берді. Биылдыққа Ұшқатты мен Қарабұтақ ауылдарында жаңа су құбырлары іске қосылыпты. Ауыз судың игілігін аудан халқы толықтай 2014-2015 жылдары көрмек. Әйтеке би ауданында мерекеге орай іске қосылған тағы бір нысан - Қарабұтақ ауылында салынған балабақша. Оның құрылысына облыстық бюджеттен 38 миллион теңге қаржы бөлінген. 50 орындық балабақшаның іші жаңа заманға сай жабдықталған. Енді мына балақайлар мектепке дейін осында тәлім-тәрбие алатын болады. |
Количество показов: 2208
Дата создания: 03.12.2013 19:26:13