Ырғыз ауданында браконьерлер ұсталды
Ырғыз ауданының "Атанбасы" жерінде ақбөкен аулаған қызылордалық екі тұрғын ұсталды. Браконьерлерді қарашаның үші күні тікұшақпен бақылау жүргізуге шыққан "Охотзоопром" мекемесі мен Ырғыз аудандық ІІБ инспекторлары байқап қалған. Мемлекеттік нөмірі жоқ, ақ түсті "Тайота Лэнд крузер" көлігін мінген аңшылар қаша жөнелген. Бірақ, көп ұзамай қолға түсті. Олар мінген көлікті тінту кезінде ішінен 12-калибрлі аңшы мылтығы, оқ дәрілер, 2 ұялы телефон, рация және қол ара табылды. Облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Ардагер Уайдиннің айтуынша, көліктің ешбір құжаты болмай шыққан. Оған қоса браконьерлердің қару ұстауға да рұқсаты жоқ. Ал, көлік жүрген жолдың бойынан сегіз өлі бөкен табылды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, 30 және 31 жастағы екі азамат қамауға алынды. Қылмыстары дәлелденсе, олардың бар мүлкі тәркіленіп, екіден бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. |
Количество показов: 2093
Дата создания: 06.11.2013 19:14:43