Үйлері өртеніп кеткендер арнайы орынға қоныстанды
Апат айтып келмейді. Қалалық жас туристер стансасын бірнеше күннен бері 4 отбасы паналап отыр. Айдың күннің аманында баспанасыз қалғандардың көпшілігі 10 наурыз күні Локомотив көшесінде өртенген барақ үйдің тұрғындары. Өртенген барақ үйдің бір тұрғыны Әсима Кушанованың қазіргі жағдайы көрген түстей. Зейнет жасына шыққан ана тап болған жағдайға дейін ел қатарлы күн кешіпті. Көршілерімен бірге үйлері өртенген әйелдің қазір барар жері жоқ. Алыс-жақын ағайындарын апта бойы паналаған ол ұятын жиып қойып, кенже баласы мен келінін, немересін қоса ертіп осында келіпті. Жағдайлары бірыңғайланғанша осы стансада тұра бермек. Жас туристер стансасында су тасқыны болған жағдайда зардап шеккендерге арналған 7 бөлме бар. Бұл бөлмелерде 50 адамға төсек-жабдықтар даярланған. Мәселен мына бөлмеде жас отбасылар Арман Ільясов пен Бибігүл Ерғалиевалар тұрып жатыр. Бұдан бес жыл бұрын шаңырақ көтерген отбасы да Локомотив көшесіндегі өртенген үй тұрғындары. Жастар "шаңырағымыз жанып кетті деп қол қусырып қарап отыра бермей қаржылай көмек болса үй салғымыз келеді",- дейді. Бала күтімімен үйде отырған Бибігүл мына балақайларды кезегі келіп тұрса да балабақшаға орналастыра алмай әлек. Жас ана жұмысқа шығып, отағасына демеу болғысы келеді. Стансада қазір жалпы саны 20 адам уақытша тұрып жатыр. Мұндағылар адам саны су тасқынына байланысты көбеюі мүмкін дейді. Бұлайша дабыл қағуға негіз бар. Өйткені биыл қар молынан жауды, ақ ұлпа жылдағыдан үш есе артық. Кенеттен Елек, Қарғалы, Сазды, Жіңішке секілді өзен-көлдердегі су ернеуінен асып, аймаққа қауіп төндіруі мүмкін. Сол себепті облыс басшысы жергілікті атқамінерлерге күндіз-түні кірпік қақпай, су алу қаупі бар отызға жуық аймақты күзетуді тапсырған болатын. |
Количество показов: 1990
Дата создания: 18.03.2014 18:07:01