Үй өртеніп, бір бала қайтыс болды
Кеше Әйтеке би ауданы Комсомол ауылында тағы бір отбасы сәбиінен айырылып қалды. Өрт басталғанда үйде тек 4 жастағы екі бала болған. Кішкентайлардың бірі аудандық ауруханада қайтыс болса, екіншісінің өміріне облыстық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері араша түсуде. 4 жастағы Юнер мен Николай - ағайынды екі қыздың балалары. Қараша үйде апалы-сіңлілілер бірге тұрады екен. Балаға бас-көз болып қалған Сырға пешті жағып, құдықтан су әкелуге шығып кеткен. Өрт те сол сәтте тұтанған. Облыстық ТЖД басшысының міндетін атқарушы Ернұр Өтегеновтің айтуынша, үй иесінің сөзіне қарағанда қызыл жалынға электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болуы мүмкін. Өрт 30 шаршы метр аумақты шарпыған. Қазір 4 жастағы Николайдың тағдыры қыл үстінде. Облыстық балалар клиникалық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Бөлім меңгерушісі Жасқайрат Сатаевтың айтуынша, сәбидің денесінің 16-17 пайызын күйік шалған. Беті, ауыз қуысы толықтай күйіп қалған, түтіннің иісіне уланған. "Бала есі танған күйі жатыр, денесі жылымайды" дейді дәрігер. Николайдың жағдайы дәрігерлердің жіті бақылауында. Қараша - жайсыз болып тұр дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментіндегілер. Екі аптаның ішінде 5 адам өрттен қайтыс болған. Көп жағдайда бір адамның салғырттығы қайғылы жағдайға себеп болады. Өрт сөндірушілер келтірген статистика былтырмен салыстырғанда өрт оқиғаларының 22 пайызға төмендегенін көрсеткенімен, өлім-жітім азаймай отыр. Ойылдың Көсемсайында 6 адам уланып, екеуі қайтыс болды. Мәртөк ауданындағы Полтавка ауылында, Хромтаудың Бөгетсайында екі адам жан тапсырған. Тілсіз жаудың жиілеп кетуіне байланысты мамандар қауіпсіздік шараларын сақтауды тағы да ескертеді. |
Количество показов: 2025
Дата создания: 19.11.2013 18:07:15