Қурайлыда дәрігерлік амбулатория ашылды
Қурайлы ауылының тұрғындары енді қарапайым қан тапсыру үшін ат сабылтып, қалаға қатынамайтын болды. Бүгін елді мекенде дәрігерлік амбулатория ашылды. Емдеу мекемесінде зертханадан бастап, заманауи үлгіде жабдықталған алты кабинет бар. Қурайлылықтар бұл күнді асыға күтті. 7 мың жарым халық тұратын елдімекенде медициналық бекет бар, бірақ, ескі, іші суық, әрі тар-тұғын. Жаңа амбулатория ғимараты кең - 300 шаршы метр. Емдеу мекемесі газбен жылытылады. Құбырлар арқылы әр кабинетке су келіп тұр. Жұмыс орнының жаңарғанына әсіресе дәрігерлер қуанышты. Терапевт, акушер-гинеколог, педиатрдың жеке кабинеттері бар. Ем жүргізу, физиотерапия бөлмелері бөлек. Күндізгі стационар ашылады. Бастысы, ауылдықтар енді қан тапсыру үшін қалаға сабылмайды. Амбулатория зертханасы ультра-дыбыстық зерттеу, гематологиялық анализатор секілді соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылған. Құрылыстың сапалы жүргізілуін ауылдықтар мұқият қадағалаған. Амбулатория республикалық бюджеттің 48 миллион теңгесіне тұрғызылды. Тағы 23 миллион теңге жабдыққа жұмсалды. Қазір мұнда үш дәрігер, 12 медбике қызмет етеді. Тағы бір терапевт пен жалпы бейінді дәрігер қажет. Биыл біздің облыста осындай тоғыз емдеу мекемесін ашу көзделген. Алтауы халық игілігіне берілді. Желтоқсан айында 300 адамға есептелген облыстық ересектер ауруханасы мен 12 шағын ауданда орналасқан, бір мезетте 500 науқасты қабылдауға қауқарлы аурухана ашылады. |
Количество показов: 2408
Дата создания: 29.11.2013 18:57:20