Тың бизнес жоба ұсынған жастар 4 млн теңге ұтып алды
Тарыны брендке айналдырамыз. Халық оны жайма базардан емес, дүкен сөрелерінен сатып алатын болады. "Атамекен Стартап" бизнес-идеялар байқауының бас жүлдесін жеңіп алған байғаниндік жастардың осындай ойы бар. Үш күндік байқау бүгін мәресіне жетті. 170 жобаның ішіндегі үздігі атану "Байғанин жастарының" командасына бұйырды. Олар қазылар алқасын тарыны өңдеп, саудаға шығарамыз, болашағы бар жоба деп сендіре білді. Мұны маркетингтік зерттеу арқылы да дәлелдеген. Шағын цех ашып, 2 миллион теңгесіне тары өңдейтін құрылғы алады. Бизнес жоспар әзір. 6 айда сауда айналымынан 8 миллион теңге пайда табуды көздеп отыр. "Атамекен стартап"- "Атамекен Одағы" Қазақстанның ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен жолға қойылған бизнес-идеялар байқауы. Бұған дейін Қазақстанның 19 қаласында өткен. Мақсаты - жас кәсіпкерлерді қолдау. Оған демеушілік жасап, қайырымдылық көрсететін палатаға мүше меценаттар. Ақтөбедегі "Атамекен стартапқа" "Алтын қыран" компаниялар тобы жомарттық жасады. Бәйгеге 15 млн теңге тікті. Байқауда 170 жоба қаралып, ақтық сынға 25-і жолдама алды. Оның ең үздік деген 10-ы жүлдегер атанды. Жүлде қоры да жобаның маңыздылығына қарай өзара бөлінді. Қазақстанның ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерін ақтөбелік жас кәсіпкерлер тәнті еткен. Бизнеске деген қызығушылықты бұрын-соңды өзге өңірлердің жастарынан байқамадық, дейді олар. Ең көп жоба ұсынған да - ақтөбелік жас кәсіпкерлер екен. Бизнес-идеяларға келсек, сан түрлі. Ұлттық өнімдерді өндіру, жиһаз құрастырудан бөлек, бізге беймәлім қоқыстарды өңдеп, кәдеге жарату, саусақ таңбасы арқылы адамның спорттың қай түріне бейім екендігін, генетикалық ауруларын анықтау секілді тың жобалар да жетерлік. Бизнес байқаудың артықшылығы - меценат бөлген несие пайыздық үстемесіз беріледі және оған кепілдіктің қажеті жоқ. Ақтөбенің атымтай жомарттары келесі жылы байқауға 150 миллион теңге жүлде тікпекші. |
Количество показов: 2277
Дата создания: 09.12.2013 19:18:03