Туберкулезге шалдыққандарды жаңаша емдейді
Туберкулезге шалдыққан науқастар енді жаңа әдіспен емделетін болады. Ауруы бәсеңдеген сырқаттар стационарлық емнен амбулаторлық емге ауыстырылады. Яғни, науқас күніне бір рет диспансерге келіп, жарты күндік ем қабылдайды. Бұл әдіс әзірше Ақтөбе және Ақмола облыстарында қолға алынбақшы. Емдеудің жаңа түріне көшу үшін қазір ауруханада дайындық жұмыстары жүргізілуде. Үйден қатынап емделетіндердің күнделікті жолақысы өтеледі. Бұрынғысынша, түскі ас, азық-түлік дорбасы беріледі. Физиобөлмедегі емдік шаралары жалғасады. Оған қоса, науқастар бұрын болмаған қызмет түрі - психологиялық-әлеуметтік көмекке жүгіне алады. Бұдан басқа, енді туберкулезге тексерілу үшін немесе дәрігердің кеңесін алу үшін диспансерге келудің қажет жоқ. Қаладағы жеті емхананың бәрінде фтизиатр-дәрігерлер отырады. Жылына бір рет флюрографиялық тексерістен өту керек. Осы жыл басталғалы тағы 39 адамнан өкпе дертінің белгілері табылды. Сонда туберкулезге қарсы диспансерде облыс бойынша барлығы 1 мың 457 адам есепте тұр. 785 науқас, яғни жартысы туберкулездің белсенді түрімен ауырады. 341-і - ауыл тұрғындары. Бас дәрігердің айтуынша, жалпы биыл туберкулезбен күреске біздің облыс 1 миллиард теңгеден көп ақша жұмсайды. 327 миллион теңгеге ауруға қарсы дәрі-дәрмек сатып алынды. Қосымша 92 миллион теңгеге бетперде, ауруды басатын дәрмектер әкелінді. Диспансердің қоймасында қазір үш жылға арналған дәрі қоры бар. Тек науқастар емді үзбесе болғаны. Былтыр Ақтөбеде 41 тұрғын осы аурудан қайтыс болған. Олардың 12-сі көше кезбелері болса, тағы соншасы дерттің созылмалы түрімен ауырғандар. |
Количество показов: 1823
Дата создания: 03.03.2014 17:57:44