Теміржол вокзалы әлі 3 ай жөнделеді
Теміржол вокзалын жөндеу жұмыстары тағы үш айға созылуы мүмкін. Вокзал басшылығы жөндеуді жаңа жылға дейін аяқтауға мүдделі. Алайда атқарылатын шаруалар әлі де көп. Вокзалдың әр бұрышында қазір қызу жұмыс. Алты қабатты ғимарат төбесінен төмен қарай жаңартылып жатыр. Алдымен, жоғарғы қабаттардағы кеңселер күрделі жөндеуден өтті. Нысанның шатыры, жылу жүйелері мен электр сымдары, перрондағы ескірген жарық желілері толықтай ауыстырылды. Вокзалдың іші-сыртына бейнебақылау камералары орнатылды. Теміржол вокзалын жөндеу мамырда басталуы тиіс еді. Жобалық-сметалық құжаттардың кешігуіне байланысты құрылысшылар іске қыркүйек айында ғана кірісті. Вокзалды жөндеу үшін алдымен 268 миллион теңге бөлінген. Жақында компания қосымша 101 миллион теңге қаражат берді. "Вокзал-қызмет" АҚ Батыс аймақтық филиалының директоры Үрзимат Махатовтың айтуынша, бұл ақшаға перронды толықтай асфальттау жоспарланған. Қазір нысанның қасбеті жаңартылып, ішкі сылақ жұмыстары жүруде. Жөндеу жұмыстары күту залы мен фойеде жалғасады. Кезекпе-кезек жабылып кассалар жөнделеді. Жаңадан екі жеделсаты пайдалануға беріледі. Бірінші қабаттағы сауда нүктелері біркелкі етіп, қайта жасалады. Егер ғимараттағы жөндеу жұмыстары сапалы, мұқият тындырылатын болса, нысан сыртында жаз бойы жүргізілген жөндеумен үйлесім тауып, қаланың бас қақпасының ажары арта түсуі мүмкін. |
Количество показов: 2149
Дата создания: 27.11.2013 18:54:34