Темір ауданының 8 шенеунігі жазаланды
Балық басынан шіриді. Темір ауданында сегіз мемлекеттік мекеменің басшысы ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің Ар-Намыс кодексінің талаптарын бұзған. Бүгін олардың әрекеттері тәртіптік кеңестің талқысына түсті. Нәтижесінде, басшылардың үшеуіне сөгіс, қалған бесеуіне ескерту жарияланды. Заңды белінен басып, бүгін сөгіс алған басшылардың бірі - Темір ауданы әкімі аппаратының басшысы Бердіхан Әділханов. Оның жұмысынан тексеруші топ үш түрлі кемшілікті тапқан. Басшының өзі бүгінгі отырысқа қатысқан жоқ. Ауырып қалыпты. Қалған жетеуі де осыған ұқсас заң бұзушылықтарға жол берген. Мәселен, Темір аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы мемлекеттік қызметшілерді аттестациядан өткізу, тәртіптік жазаға тарту ережелерін бұзған. Темір аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы мен Тасқопа селолық округінің әкімі қызметкерлерді тәртіпке салу талабын сақтамаған. Ал, Темір қаласы әкімінің аппарат басшысы мен Қайыңды селолық округінің әкімі бос әкімшілік орындарға байқау өткізу ережесін бұзған. Мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау ережесін сақтамағаны үшін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы қызметіне сәйкес емес деген ескерту алды. Темір аудандық қаржы бөлімінің басшысы Мұхтар Ниязымбетов қыздарын жұмысқа орналастырғаны үшін сөгіс алды. Кеңес мүшелері аталған басшылардың әрекетін жеке-жеке талқылап, үшеуіне сөгіс, бес басшыға ескерту жазасын тағайындады. |
Количество показов: 2141
Дата создания: 20.11.2013 19:07:29