Су тасқынына қарсы штаб жұмысын бастады
Күннің райы мың құбылып, тұрғындар әбігерге түсті. Арнайы қызметтер қаланы қардан тазартып жатқанымен, суға кетіп үлгергендер бар. Жамбыл көшесіндегі 60 пен 62 үйдің тұрғындары үшін биылғы қыс оңай болған жоқ. Жаңа жыл қарсаңында үйдің іргесіндегі құбыр істен шығып, атқылаған су біреудің ауласына кірсе, енді біреуінің жертөлесін шайып кетті. Енді тұрғындар еріген қар суының азабын тартып отыр. Көшедегі қарды лезде алып кетпесе, үйге кіруі де ғажап емес. Көктемгі су тасқынына қарсы штаб бүгін жұмысын бастады. Әдеттегідей, 11-шағын ауданнан орын тепті. Штабтағы телефонға дамыл жоқ. Көмекке зәру тұрғындар қоңырау шалып жатыр. 1 сағаттың ішінде 10 шақты өтініш түсіп үлгерген. Штабтағылар Жамбыл көшесіндегілердің жағдайынан да хабардар. Бұған қоса комиссия мүшелері қалалық әкімдіктің кезекші бөліміне түскен 40 өтінішті назарға алмақшы. Көмекке зәру тұрғындардың 23-38-35, 23-55-43 телефондарына хабарласуларына болады. Қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бекболат Нұрашевтің айтуынша, техникалар сақадай сай тұр. Интертті материалдар да дайын. Суға кеткен қалалықтарға 90-нан астам арнайы техника жәрдем көрсетіп, 4 мың тонна инертті материал пайдаланылмақшы. |
Количество показов: 1710
Дата создания: 18.03.2014 18:07:56