Су тасқыны кезінде сақтық шаралын күшейткен жөн
Өңірде төтенше жағдай әлі де сақталуда. Облыстың санитарлық дәрігерлері күшейтілген тәртіппен жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда су басқан аумақтарда тұрғындар тұтынып отырған ауыз судың сапасы жіті бақылануда. Соңғы эпидемиологиялық зерттеулердің нәтижесінде Темір ауданы мен Ақтөбе қаласындағы оң жағалау Елек су алғыштарында орналасқан ауыз су құбырларынан алынған су сынамалары жарамсыз деп танылған. Алайда, дер кезінде шара қолданылып, су зарарсыздандырылды. Қазір тұтынуға болады. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстың бас санитар дәрігері Райхан Қойшанова айтты. Санитар мамандар, сондай-ақ, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар уақытша тұрып жатқан эвакуациялық пунктерде де тамақ пен ауыз судың сапасын бақылау бойынша тұрақты мониторинг жүргізуде. Қазір өңірде мұндай 14 эвакопункт жұмыс істеп тұр. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары аймақтағы Сібір жарасы көмілген орындардан топырақ сынамаларын да алып тексерген. Облыс аумағында 122 Сібір жарасы көмілген орын бар. Әзірге су кепкен жерлерден топырақ сынамасы алынып, тексеруден өткен. Су басқан аумақтар толығымен кепкен соң бұл жұмыстар жалғасатын болады. Атап өткен жөн, өңірде су тасқынының салдары әлі толығымен жойылған жоқ. Сондықтан, түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында тұрғындар да қарапайым гигиеналық талаптарды орындағаны жөн. Әсіресе балалардың тазалығына мән беріңіз. Санитарлық дәрігерлер тұрғындарға базарлардан ет-сүт өнімдерін сатып аларда сатушыдан өнімнің тексерістен өткендігі жөнінде арнайы құжат талап етуге кеңес береді.Количество показов: 324
Дата создания: 23.04.2024 05:59:30