Өндіріс орнында болған төтенше жағдайға жұмысшыны кінәлап отыр
Азамат Мергенбаев Әйтеке би ауданындағы "Бенкала тау-кен компаниясы" АҚ-нда механик қызметін атқарған. Өткен жылы шілденің 28-інде кезекті жұмыс күнінде өндіріс орнында келеңсіз жағдай орын алып, өзімен бірге жұмыс істейтін ұста жарақат алады. Облыстық еңбек инспекциясы тексеріс жүргізеді. Құрамында жұмыс беруші тарап пен жұмысшылар тарапынан өкіл болады. Қорытынды бойынша жұмысшының кінәсі небары 20 пайыз екенін дәлелденеді. Ал жұмыс беруші 80 пайызға кінәлі. Зардап шеккен азамат акт нәтижесіне сүйеніп, сот арқылы жұмыс берушіден өтемақы өндіріп алмақ болады. Әйтсе де, сотта айыпталушы ретінде тек Азамат Мергенбаев танылады. Арнамызға шағымданған қала тұрғыны өз құқығының тапталғанын, компания жауапкершіліктен жалтарып отырғанын айтады. Басшылықтың бар кінәні жұмысшыға артып қоюына еңбек инспекциясының мамандары толтырған акт негіз болды дейді. Өзіне тағылған айыппен келіспеген Азамат Мергенбаев Еңбек инспекциясының мемлекеттік еңбек инспекторлары толтырған актіге қатысты сотқа да шағымданған. Алайда, сот мемлекеттік органның тарапын қолдап, шағымын кері қайтарған. Өз кезегінде аталмыш оқиға орын алған кезде кәсіпорында тергеп-тексеру амалдарын жүргізген комиссия төрағасы облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың мемлекеттік еңбек инспекторы Асхат Жұмалы тергеп-тексеру амалдарының еңбек заңнамасына сай жүргізілгенін, компанияның ішкі тәртібі бойынша зардап шеккен тұлғаның қауіпсіздігіне тікелей басшысы - механик Азамат Мергенбаевтың жауапты болғанын алға тартты. Осылайша, білдей мекеме бір адамның атын жамылып, жауапкершіліктен жалтарып отыр. Тіпті кінәсін мойындауын талап етіп, бопсалаған да. Сол себепті өткен наурыз айында жұмыстан да шығып кеткен. Құқығы тапталған азамат шағымын айтып прокуратура, облыс және қала әкімдіктеріне де барған. Алайда, ешқайсысы мардымды жауап қатпаған, құжаттарын қолына ұстатып шығарып салыпты. Өз құқығын қорғайтын сауатты адвокаттар мен заңгерлерді жалдауға Азамат Мергенбаев қалтам көтермейді, дейді. Өйткені, үйінде жұмыссыз отырған зайыбы, алты баласы бар.Количество показов: 354
Дата создания: 01.05.2024 04:59:15