Су басқан Қобда, Ойыл аудандарында ахуал реттеле бастады
Қобда, Ойыл аудандарында су деңгейі түсіп, жағдай қалыпқа келе бастаған. Орталықпен қатынасы үзілген ауылдар әлі де бар. Бірақ арғы беттегілерді азық-түлік, дәрі-дәрмекпен қамту жолға қойылды, деді аудандардың әкімдері. Үйлері қызыл су астында қалған тұрғындардың шығындарын есептеу үшін комиссия құрылған. Ертең жұмыстарын бастайды. Қарғын судан қатты зардап шеккен Ойыл, Қобда аудандарының әкімдері облыс әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында бейнебайланысқа шығып, бүгінгі ахуал туралы айтты. Арнасынан асқан Ойыл өзенінің суы Ойыл ауылы, Саралжын, Қайыңдыдан өтіп, Ойыл селосына кіріп тұр қазір. Су шайған жолдар бар. Ол жерлерде көлік қатынасы уақытша тоқтатылған.Ойыл ауданында су басу қаупі жоғары 3 елді мекен болатын. Соның бірі Екпетал ауылынан мал-жан эвакуацияланған. Екпетал ауылына кіріп жатқан суды тежеу жұмыстары атқарылып жатыр, дейді аудан әкімі. Қарғын су ағып кететін жылғалар жасау үшін ауыр техникалар тартылған. Қазір Көптоғай селолық округінің Қарасу ауылымен байланыс жоқ. Ауыл арғы бетте қалып тұр. Жаз шыға өз күшімізбен көпір салуды ойластырып қойдық, дейді Асқар Қазыбаев. Кей ауылдарда сеңнің электр бағанасына соғылуынан жарық өшкен болатын. Қазір барлық ауылда электр жарығы бар. Бірнеше күн бойы қызыл судың құрсауында болған Қобда ауданында да ахуал тұрақтала бастаған. Суға кеткен үйлердің шығындары есептеледі. Комиссия құрылған. Қобда ауданының әкімі Болат Кулов Жарық ауылында жүр. Көпір су астында қалды, бірақ зақымданған жоқ. Су қайтқан соң қолдана беруге болады екен. Қобда мен Ойыл ауданында 3 мектептен барлығы 392 бала онлайн оқуға көшірілген. Айта кетейік, қазір облыста қарғын сумен күреске 800-ге жуық адам, 500-ге жуық техника тартылған. 143 бірлік су айдайтын құрылғылар бар. Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Саид Молдақараевтың сөзінше, су соратын ассенизаторлар жетіспейді. Облыстық штаб жұмысын бастағалы екі мыңнан аса өтініш қабылданған. Өңір бойынша 361 мың текше метр ылғал сорылып, 525 мың теңше метр қар шығарылған. 26,1 шақырым арық тазартылған. 175 метр уақытша бөгет салынды. 200 метр су бұратын канал қазылған.
Количество показов: 1031
Дата создания: 17.03.2023 04:07:14