Студенттер қариялардың үйіндегі қарды күреді
Қарияға қолұшын бер. Студент жастар осы қағиданы ұстанады. Бүгін бір топ жігіт зейнеткерлердің қар басып қалған ауласын тазартты. Игі іске бастама болған- Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің жастар ісі жөніндегі комитеті. Қалада көмекке зәру қариялар аз емес. Ауланы қардан тазарту былай тұрсын, дүкеннен азық-түлік алып келудің өзі мұң болып отырғандар бар. Толассыз жауған қар Зоя Қоспаеваны да әбден әбігерге салған. Есік алдындағы тау боп үйілген қарды дер кезінде тасымаса, көктемде су басып қалу қаупі бар. Қаланың Мәскеу ауданында тұратындар үшін- бұл таныс жағдай. Қария қарды тазартуға шамасы келмейтінін сезіп, жоғары оқу орнының басшылығына хабарласқан. Студенттерге қар тазарту түкке тұрмады. Жұмылып жүріп күреп, екіншісі үйіп, сыртқа шығарып жатыр. Жастардың бәрі де қоғамдық жұмысқа өз еріктерімен қатысты. Көмегіміз қар тазартумен шектелмейді. Мұқтаж жандарға қолұшын созуға біздің студенттер әрқашан дайын, дейді жастарды бастап келген Ұлан Құмаров. Көктем шыға қыз-жігіттер қариялардың аулаларында қордаланып қалған қоқыстарды шығарып та береді. |
Количество показов: 1979
Дата создания: 07.02.2014 19:11:47