СПИД жұқтырғандар жұмыссыз қалмауы тиіс
Жұмысқа алу кезінде адамнан ВИЧ-СПИД жұқтырмағандығын растайтын анықтама талап ету заңға қарсы. Облыстық СПИД-ке арсы күрес орталығы дәрігерлерінің мәлімдемесі бұл. Бүгін олар адам өміріне қауіпті инфекцияның бизнеске ықпалы турасында кәсіпкерлермен пікір бөлісті. Дәрігерлер диагноз адамның кәсіппен айналысуына, жұмысқа орналасуына еш кедергі келтірмеуі тиіс дегенді алға тартып отыр. 2006-шы жылы ВИЧ-СПИД-ті жыныстық жолмен жұқтыру көрсеткіші 5,6 пайызды құраған болса, былтыр бұл көрсеткіш 75 пайызға жетті. Дерт әйелдерді айналып өтіп жатқан жоқ. Облыста өткен жылы 24 адамнан анықталса, соның 14-і қыз-келіншек. Ауру жұқтырған адамнан бойды аулақ ұстау мәселенің шешімі емес дейді дәрігерлер. Керісінше науқасқа жан-жақты қолдау көрсетілуі қажет. Ақтөбелік індет жұқтырғандардың ең кішісі 15 жаста. Ең үлкені 39-да екен. Демек, жұмысқа қабілетті жастар. Дөңгелек үстел басына бүгін бизнес құрылымдар өкілдерінің жиналуы тегіннен тегін емес. Дәрігерлер кәсіпорын басшыларының СПИД, ВИЧ жұқтырғандармен істес болудан сескенетінін аңғарған. Оған дәлел, кез-келген жұмысқа тұру үшін адамнан СПИД-ВИЧ-пен ауырмайтындығы жөнінде анықтама талап етіледі. Ал бүгінгі жиында мәлім етілгендей, бұл заңға қайшы екен. Сондай-ақ, ВИЧ, СПИД жұқтырды екен деп адамды жұмыстан қуу да заңсыз. Бірақ, ондай жағдайлар бар. Және жұмыс беруші жұмыстан босату себебін басқа деп көрсетеді. Ал науқастың өзі заң арқылы жұмыс орнын қайтарып алуға тағы да бармайды. Өзгелерге танылып қалудан қорқады. Қоғамда қалыптасқан осындай түсініктерден арылмай, дертті жеңу мүмкін емес. Ауруын жасырған өледі деген тағы бар. |
Количество показов: 2401
Дата создания: 19.02.2014 17:57:51