Сорғылау бекетінің шатыры ұшып, 4 көлік бүлінді
Бүгін тал түсте Жағалау көшесіндегі 86-шы үй ауласында шатыр ұшып кетті. Аула ішінде тұрған көліктерге барып қонған шатыр "Ақбұлақ" акцинерлік қоғамының сорғылау бекетіне тиесілі. Тұрғындардың айтуынша, бірер күн бұрын ғана орнатылған шатыр тіреусіз, кірпішке қағылған. Оқиға орнына үш сағаттан соң ғана полиция қызметкерлері келді. Ал жауапты мекеме басшылары төбе көрсетпеді. Тұрғындар тал түсте сыпырылып түскен қаңылтырдың 4 көлікті зақымдағанын айтып, құнын кімнен өтерін білмей жүр. Олар тілшілерді көрген бетте, қайда, кімге арыз жазамыз деп көмек сұрады. Әйтпесе үш сағат өтсе де ешкім ат ізін салмаған. Жауапты мекеме де, әкімдік өкілдері де жоқ. Енді темір тұлпар құнын кім өтейді? Істің ілімін білетін тұрғындар 2-3 күн бұрын ғана қағылған шатырдың болмашы желге ұшып кетуін шегенің кірпішке қағылуынан деп түсіндереді. Енді олар шығын өтелмей, екі тарап келісімге келмей шатырды ешкімге бермеуге бекінген. Қажет болса күні-түні кезекпен күзетуге әзір. Мән-жайды білмекке тарс жабылған қара есікті де қақтық. Ондағы әйел дауысы жауапты мекеме рұқсат бермей сөйлеспейтінін жеткізді.
Количество показов: 2102
Дата создания: 01.07.2014 19:10:38