«Солтүстік шұғыла» қойылымы суицидке қарсы
Ахтанов театрының әртістері жастардың арасында суицид оқиғаларының жиілеп кеткендігіне алаңдаулы. Бұл мәселе өнер ұжымы әзірлеп жатқан кезекті спектакльде көрініс тапқан. «Солтүстік шұғыла» деп аталатын қойылым бүгін түсте театрдың көркемдік кеңесіне ұсынылды. Август пен Юлия ғаламтор арқылы танысып, кездескен жастар. Екеуінің мінезінде ортақ ерекшелік бар. Ол - суицидке бейімділік. Қыз бен жігіт жартастан секіріп, өмірмен қош айтыспақ болады. Алайда, соңғы мезетте сирек көрінетін солтүстік шұғыланы көріп, өмірдің қадірін түсінеді. Спектакль Норвегия драматургы Игорь Бауршиманың пьесасы бойынша сахналанған. Драматург бұл туындыны Норвегияда жастар бірінен соң бірі өздеріне қол жұмсағаннан кейін жазған. Соңғы жылдары ол елде жасөспірімдердің топтасып жартастан секіріп, өлу деректері көбейіп кеткен. Қазіргі қоғамның қасіретін сипаттайтын бұл пьеса әлемнің 20 тіліне аударылды. Ахтанов театры шығармашылық зертханасының жетекшісі Ольга Павлова спектакльді орыс тіліндегі нұсқасына сүйеніп, дайындап жатыр. Спектакль көркемдік кеңестің көңілінен шықса, жақын арада көрермендерге жол тартады. Айта кетер жайт, орыс труппасы бұл пьесаны былтыр да әзірлеген. Ол кезде спектакль кейіпкерлерінің әрекеттері жастарды суицидке итермелейді деген шешіммен тетрдың көркемдік кеңесі бұл қойылымды қабылдамай қойған. Сол себепті бұл жолы қойылымдағы өз-өзіне қол салып жатқан көріністер сызылған. |
Количество показов: 2322
Дата создания: 17.04.2014 18:36:22