Сирияға аттанбақшы болған бірнеше жігіт райынан қайтты
Білім аламыз дегенді желеу етіп, Сирияға аттанбақ болған бірнеше ақтөбелік райынан қайтты. Жастарды түзу жолға салу үшін прокурорлар, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар күш біріктірген. Тараптар психологиялық жәрдем беріп, дұрыс ақпараттандыру, түсіндіру жұмыстарына көңіл бөлді. Ал қыз-жігіттер санасының теріс діни ағымдармен улануына діни сауатсыздық, ақпараттандыру жұмыстарының әлсіздігі себеп. Бүгін прокурорлар өткізген ғылыми-тәжірибелік конференцияда жастар арасында діни экстремизм мен лаңкестіктің алдын алу, оларға жол бермеу жайы талқыланды. Елімізде діни экстремизм мен терроризмге қарсы мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылуда. Оған "жас отандықтар" да атсалысуда. Жастар өз қатарластары арасында үгіт-насихат жүргізеді. Демек, осыншама жұмыс жүргізу аздық етеді. Немесе мәселені шешудің өзге, мейлінше тиімді жолдарын қарастыру қажет. Соңғы кезде теріс ағым жетегіне ергендер Сирияға соғысқа аттануға құштарлық таныта бастады. Прокурорлар күрделі мәселемен қоғам болып күресуге шақырады. Мақсатты бағытталған, халықтың әртүрлі топтары мен санатына, олардың мүдделері мен ерекшеліктерін назарға ала отырып, саралап, жіктелген жүйелі жұмыстар жолға қойылуы тиіс деген тұжырымға келді бүгінгі конференцияға қатысушылар. |
Количество показов: 1975
Дата создания: 04.12.2013 18:54:44