Шиелісай ауылын су басты
Қала іргесіндегі Шиелісай елді мекені көшелері қарғын суға толды. Тұрғындары қызыл су үйлеріне кіреді ме деп үрейлі. Ал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміндегілер бұл ауылда жағдайдың қалыпты екенін, ондағы адамдардың алаңдауына негіз жоғын айтты.Шиелісай елді мекенінде 580 - ге жуық үй бар. Жыл сайын көктем шыға ауыл су астында қалады, дейді мұндағы тұрғындар. Себебі үйлер ылдида орналасқан. Шиелісай елді мекені тұрғыны Зада Нұрғалиеваның айтуынша, 3 жылдан бері көктем сайын ауласын су алады. Бұл жағдай қайталана беретін болса үйдің іргетасы құлауы мүмкін. Жағдайға қатысты үйін сата да алмайды. Былтыр шағымын айтып, сол кездегі қала әкімі Асхат Шахаровқа да барған. Айтуынша, мемлекет тарапынан жаңа баспанаға қол жеткізгісі келеді.Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміндегілер ауылдағы жағдайдан хабардар екенін жеткізді. Бүгінде суға кету қаупі бар үйлер маңын инертті материалдармен қоршап, еріген қар суына қарсы шаралар жасап жатқандарын айтты. Бірақ, бұл аймақта су сору жұмыстары жүргізілмейді. Себебі, елді мекенде су жол тауып Грязнушка өзеніне ағып жатыр.Аймақта су тасқынына қарсы жұмыстарға 50 техника жұмылдырылған. Үйлер маңы құмға толы қаптармен қоршалған. Су тасқынына қарсы шаралар жалғасып жатыр.
Количество показов: 965
Дата создания: 15.03.2023 10:03:44