Шалқарда жеке ғимаратын сатпақ болған кәсіпкер сотталуы мүмкін
Шалқар ауданында 155 миллион теңгеге бағаланған балабақшаның жарты ақшасы мемлекетке қайтарылды. Бұл туралы бүгін облыстық прокуратурада өткен брифингте бірінші басқарма басшысы Маратбек Мырзамұратов мәлімдеді. Нәтижесінде балабақшаны сатып алу әрекеттерін жүргізген тұлғалар рақымшылық актісі негізінде жауапкершіліктен босатылған. Ал, меншігіндегі ғимаратты екі есе қымбатқа сатқан кәсіпкерге қатысты іс сотқа жолданды. 155 миллион теңгеге сатып алынған ғимаратты прокурорлар жер учаскесімен қоса алғандағы нақты құнын 75 миллион 190 мың 303 теңге деп бағалап, артылған ақшаны мемлекетке қайтару керек деп шешті. Осылайша, аудандық білім бөлімінің басшысы қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кетті. Балабақшаны сату-сатып алу келісім шартына қол қойған "Нұрсәт" мектепке дейінгі мекемесінің директоры Райымханова да жауаптан босатылды. Ғимаратты бағалау актісіне көтеріңкі баға көрсеткен Ізбасқановтың әрекеті "алаяқтықтан" "жалған қорытынды беру" бабына ауыстырылып, ол да рақымшылыққа ілікті. Қарамағындағы қызметкерлерінің қисынсыз әрекеті президенттің құлағына дейін жеткен Шалқар ауданының бұрынғы әкімі Рахат Сыдықовқа прокурорлар қатаң сөгіс жариялады. Үкіметтегілерді шулатқан оқиғаға ақыр соңында жеке меншігіндегі балабақшаны сатпақ болған кәсіпкер Әбдіғалиев қана айыпты болып шықты. Прокурорлар оның әрекетін алаяқтық деп танып, істі Шалқар аудандық сотының қарауына жіберді. Прокурорлар бүгін тағы бір сорақы жайтты жариялады. Ойыл ауданындағы салықшылар жеке кәсібін ашқан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ісін мемлекеттік тіркеуге алу үшін ақы төлеткен. |
Количество показов: 3629
Дата создания: 19.02.2014 17:59:34