Серік Ахметов жаңа ферроқорытпа зауытына барды
Бүгін өңірімізге премьер-министр Серік Ахметов келді. Ақтөбеге жұмыс сапарын Үкімет басшысы Индустриаландыру картасына енген нысандарды аралап көруден бастады. Соның бірі - жаңа ферроқорытпа зауыты. Жобаның құны - 843 миллион доллар. Өндірістік нысанда жоғары көміртекті феррохром өндірілетін болады. Жаңа зауыттың құрылысы аяқталуға жақын. Қазір нысандағы құрылыс-монтаж жұмыстары 92 пайызға бітіп тұр. Ал жалпы техникалық әзірлігі 85 пайыз. Жаңа зауыт ақпаннан сәуірге дейінгі аралықта толықтай іске қосылады деп күтілуде. "Қазхром" ТҰК" АҚ жетекшісі Виктор Тильдің айтуынша, өндірістік нысанның әлеуеті зор. Қуаттылығы жылына 440 мың тонна жоғары көміртекті феррохром өндіруге жетеді. Зауытта 11 негізгі өндірістік нысан бар. Жаңа нысан 48 гектар аумақты алып жатыр. Жаңа өндіріс іске қосылса хромды шығару 92 пайызға артады, өндірістің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді, жарақаттануды азайтып, еңбек өнімділігін өсіреді. Зауыттың жай-жапсары туралы баяндаған Виктор Тиль , жаңа өндіріс іске қосылса ауаға шығарылатын зиянды заттар азаятынын айтты. Дегенмен, Үкімет басшысы Серік Ахметов қанша жерден әлеуеті зор зауыт іске қосылса да, әрқашан қоршаған ортаны қорғау мәселесін естен шығармау керектігін ескертті. Әсіресе, қала тұрғындарының жұтып отырған ауасы үшін алаңдаушылық білдірді. Зауытты аралап көрген премьер-министр атқарушы билік өкілдеріне кәсіпорынның жоспарлы қуатына шығуын қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Өнімнің өзіндік құнын азайту арқылы, өндірілетін тауар көлемін арттыру қажеттігін айтты. |
Количество показов: 1845
Дата создания: 29.01.2014 19:14:28