Ақтөбе суға кетпейді. Қала аумағында орналасқан сегіз өзеннің сағасы кеңейтіліп жатыр. Елек, Қарғалы, Жаман Қарғалы, Тамды, Бұтақ, Песчанка, Сазды өзендерінің аумағы кеңейтіліп, жағасы күл-қоқыстан, жабайы өскен ағаштардан тазартылмақ. Өзендерді тазалау жұмыстарымен төрт мердігер компания айналысады. Құрылыстың негізгі бөлігі көктемге дейін аяқталады. Ауыр техникалар өзеннің сонау "Садовое" ауылынан бастап - Кірпішті көпірі маңына шейінгі бөлігін кеңейтіп келеді. Өзеннің ені- екі есеге кеңеймек. Яғни жоспар бойынша 50 метр болуы қажет. Жалпы 34 шақырымы кеңейтіледі. Оған республикалық қазынадан 6 млрд 700 млн теңге бөлінген. Бұл жұмыстар көктемгі суға кету қаупін толықтай сейілтуі тиіс. 2017 жылы сәуір айында өзенді жағалай қоныстанған бау-бақша ұжымдары жаппай суға кеткен болатын. Өзендер арнасынан асып, тасыған су үйлерді шайып өтті. Баспанасы судың ортасында қалған тұрғындар 5-6 ай үйлеріне кіре алмады. Ылғал әбден сіңіп кеткен үйлер кеппей, сыздан сәбилері ауыра берген жұрт пәтер жағалауға, туыстарын паналауға мәжбүр болды. Мәселен, "Эко" бау-бақша ұжымының тұрғыны Меруерт Сәрсенғалиева суға кеткен сәттегі жанталасты ұмыту мүмкін емес дейді. Жас келіншек әлі күнге дейін көктем жақындаған сайын үрейленіп, көршілерімен бірге буынып-түйініп отырады.
Меруерт Сәрсенғалиеваның айтуынша, үйі суға кеткен жылы ешқандай көмек алмаған. Жолдасы екеуі өз күштерімен жер үйіне жөндеу жасап қайта кірген. Абырой болғанда былтырғы көктем тыныш өтті. Бар тапқан-таянғанына салған баспанасы бір түнде суға кеткен отбасылардың бірсыпырасы мемлекеттен жер мен құрылыс материалдарын алып, қайтадан үй тұрғызып алды. Мұндай көмектен құр қалғандар қыруар қаражат бөлінген өзеннің арнасын кеңейту жұмыстары нәтиже берсе, көктемде тыныш ұйқтаймыз деген үмітте.
Количество показов: 1068
Дата создания: 05.02.2019 18:59:12
Программы
Факт
Информационная программа «ФАКТ» основана в 1994 го... Подробнее >>
Тәулік
«Тәулік» ақпараттық бағдарламасы телеарнадағы б... Подробнее >>