Саяжай тұрғындарын ауыз сумен қамту мәселесі қаралды
Бау - бақша ұжымдарын толығымен сумен қамтамасыз ету қаламыздағы ең өзекті мәселелердің бірі. Қазіргі таңда 40 бау - бақша ұжымына су қорының қуаты жетіспейді. Осыған орай бүгін облыстық әкімдікте облыстық қоғамдық кеңестің қатысуымен жиын өтті. Сондай - ақ, алқалы жиында автомобиль жолдарының жағдайы, тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық бөліміне қатысты мәселелер көтеріліп, қаланың жағдайын жақсарту бойынша жұмыстар пысықталды. Қала аумағында 400 - ге жуық бау - бақша ұжымы бар. Оның 105і сумен толығымен қамтамасыз етілген. Қалған 2637 абонент ауыз суға жарымай отыр. Құдығы құрғаған ақтөбеліктер билік өкілдеріне арыз да жазған. Алайда, саяжайлардағы 40 үйге рұқсат берілмеген. Себеп- саяжай тұрғындарының баспаналарына меншік құқығы жоқ. Тіпті кей үйлер мен жер телімдері де заңды түрде тіркелмеген. Бүгінгі жиында бау - бақша ұжымдарын сапалы сумен қамтамасыз ету үшін қосымша су көздерін тауып, жаңа су қоймаларын салу жұмыстары қарастырылды.Қазіргі таңда ақтөбеліктерге 5 бастоған арқылы су жекізіліп отыр. Атап кетер болсақ, олар Жоғарғы Қарғалы, Тамды, Елек өзенінің сол және оң жақ жағалауы, Құндақтықыр бастоғандары. Қала аумағын сумен жабдықтау желілерінің тозығы жеткен. Шамамен - 47,02 % - ды құрайды. Осыған орай қаланы сумен қамтамасыз етіп жатқан Елек өзенінің оң және сол жақ жағалауындағы су бастоғандарын кеңейту жұмыстары жүзеге асуда. Жоспарға сәйкес су қорын тәулігіне 16 мың текше метрге арттыру көзделіп отыр. Бұл "Думан", "Парасат" елді - мекендерін сумен толық қамтамасыз етуге мүмкіншілік береді.
Сондай - ақ, жиында қала аумағындағы автомобиль жолдарының жағдайы қозғалып, "Aqtobe su - energy group" АҚ мамандары және тұрғын үй коммуналдық - шаруашылық бөлімінің басшысымен бірлесе мәселелер қаралды. Сонымен қатар, бау - бақша ұжымдарына қарасты үйлердегі жылу мәселесі де көтерілді.
Количество показов: 800
Дата создания: 02.06.2023 03:35:27