Саяжай тұрғындары су тасқынын күтпейді
Су тасқыны бола қалған жағдайда, үйлеріңді тастап, бас сауғалаңдар! Қалалық төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері мен құтқарушылар бүгін саяжай тұрғындарына ескерту жасады. Ал, бау-бақша ұжымдарындағы үйшіктерді тұрақты мекеніне айналдырған халық "барар жеріміз жоқ, баспанамызды тастамаймыз" деп тас бекініп отыр. Көктемгі су тасқыны кезінде ең бірінші зардап шегетін саяжай тұрғындары. Айтып келмейтін апатқа халықты алдын-ала қамдау үшін бүгін қалалық әкімдік өкілдері суда құтқарушылармен бірлесіп, "Ангри-1,2" бау-бақша ұжымдарын аралауға шықты. Алдынан шыққан әрбір адамға, жол бойындағы такси жүргізушілеріне тасқын кезінде әрекет етудің ережесі жазылған парақшалар таратылды. Тасқын туралы ескерту қағаздары жолай тұрған бағаналарға, кісі көзі түсетін қақпаларға да ілінді. Саяжай тұрғындары алдағы көктемге бейқам секілді. Есік алдына келіп тұрған құтқарушылармен тілдескісі жоқ. Бір тілім қағазды әрең алады. Қала әкімі аппараты төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Бекболат Нұрашев су тасып жатқан кезеңде саяжайдағы халыққа құм, топырақ тасып әуреге түспейміз. Тек бас сауғалауға дайын тұрғындарды көшіруге көмектесеміз дейді. Туыстары барлар солардың үйлеріне, ал барар жері жоқтар уақытша панаға орналастырылады. Уақытша бас сауғалайтын тұрақтарға 4 мың адам сыяды. Зардап шеккендер онда судың беті қайтқанша мекен етеді. Алайда, саяжайлықтар тұрған жерлерінен көшуге үзілді-кесілді қарсы. Дегенмен, құтқарушылардың ескертуіне құлақ аспай, тасқын кезінде саяжайда қалған ақтөбеліктер білуі тиіс жайлар: үйіңіз су ортасында қалса, ақша, ұялы телефон, құжаттарды жинап, шатырға, ағаш, бағана басына, неғұрлым биік жерге шығыңыз. Мүмкіндік болса, қалалық әкімдіктің кезекші бөлімі: 21-15-77 байланыс телефонына хабарласқан жөн. |
Количество показов: 2438
Дата создания: 06.03.2013 19:11:28