Саяжай суға кетті
Су шаруашылығындағылар бәрі бақылауда дегенмен "Геолог-1" бау-бақша ұжымын бүгін су басты. Сазды өзенінің бойында орналасқан саяжайларға қызыл су бүгін таңертең келе бастаған. Түстен кейін мұнда аяқ басарға жер қалмады. Тұрғындар бұл судың Сазды су қоймасынан жіберілгендігіне сенімді. Олар Көкпектінің күйін кешпесек болар еді деп, жандарын шүберекке түйіп отыр. "Шығыс" базары ауданында орналасқан бау-бақша ұжымы Венецияға айналған. Жүк көлігі не қайық болмаса, мұнда қатынау мүмкін емес. Біз де қызыл судың ортасына қалған тұрғындарға жүк көлігімен жеттік. Халық құмнан биіктеу етіп баррикада жасалған Майра Қуантаеваның ауласына жиналған. Су әзірге осы жерге ғана жетпей тұр. Халық бір күнде бүкіл саяжайды басқан су Сазды су қоймасынан жіберілген деп болжап отыр. Арнасы қоқысқа толы өзен қатты екпінмен лықсыған суды Елекке құйып үлгермей жатыр. Қызыл су кейбір үйлердің ішіне еніп те үлгерді. Тұрғындар тұрмыстық техника, құжат, басқа да қажетті заттарды барынша биікке көтеріп қойдық дейді. Халық жағдайды атып, бау-бақша ұжымының төрайымына хабарласқан. Төтенше жағдайлар бөлімінен көмек сұрауға ешкімнің дәті бармады. Олар саяжайдан көшіңдер деп ескерткелі қашан. "Геолог-1" бау-бақша ұжымын тұрақты мекендейтін 35 шақты үй бар. Оқушылар мен студенттер сабақтан қалды. Жұмысбастылары үйлерін тастап көшіп кетіп жатыр. Өзгелері баспаналарынан кеткісі жоқ. Қазір халықтың қаламен қатынасын үзбей отырған Ерікқалидың жүк көлігі ғана. Жігіт күніне бірнеше мәрте екі араға қатынап, адамдарды тасып жүр. Тұрғындар кеш батпай тұрғанда оған азық-түлік әкелдіртіп алмақшы. Қиын-қыстау жағдайды пайдаланып, кәсіп қылып жүргендер де бар. Мәселен мына кісі тракторымен жолаушыларды тасымалдағаны үшін жан басынан 200 теңгеден алады екен. Су қоймасынан жіберілетін судың екпіні бәсеңдемесе, халық осы түнді үреймен күтіп отыр. |
Количество показов: 2126
Дата создания: 02.04.2014 18:16:14