Саяжай халқы су ортасында отыр
Қисық көл маңындағы саяжай тұрғындарының кешелі бері берекесі қашты. Сазды су қоймасынан жіберілген судан қара халықтың бергі бетке өтуі мұң болып отыр. Айтуларынша, төтенше жағдай қызметтері арнайы көлік бөлген. Алайда, ол тек белгілі кесте бойынша ғана тасымалдайды.
Қисық көл маңының қазіргі келбеті-осы. Еріген қар суынан Саздының деңгейі көтерілген. Енді халықтың арғы беттен - бергі бетке өтуі қиямет-қайым болып отыр. Төтенше жағдайлар қызметінің көлігі кесте бойынша жиналып қалған жұртты таңғы сағат 7 мен 10-да, күндіз 12 мен 2-де, кешкі сағат 5 пен 9-да тасиды. Ал, алда-жалда тығыз шаруасы болып, үйіне жолы түскендер өз беттерінше әрекет етуге мәжбүр. Саяжай тұрғындарының айтуынша, бұрындары бұл жерде көпір болған. 3-4 жыл бұрын жарамсыз болып қалыпты. Атқарушы билік жаңа көпір салып берсе деген өтініштерін айтып қалды жиналған жұрт. Қазір Қисық көлдің маңындағы саяжайларда 4 мыңға жуық адам тұрады. Жолынан қалған жұрт түрлі амалға көшті. Биіктігі 1 метр болатын суды жеңіл көлігімен кешіп өткендер де бар. Жол шетінде тұрған жігіттердің айтуынша, кеш қарая, көлік қатынасы тоқтайды. Амалсыздан күннің суықтығына қарамай, суды кешіп өткендер де бар. Кейбіреулер ұтымды сәтті пайдаланып, көлігімен тасығаны үшін әр адамнан 200 теңгеден алып, кәсіп етіп жүр. Оқушыларды мектеп автобустары тасып жатыр. Айта кеткен жөн, қала шетіндегі Қисық көл маңы әр алуан бау-бақша ұжымдарының жер телімдері шоғырланған аймақ.
|
Количество показов: 1841
Дата создания: 04.04.2014 18:32:40