Өрт сөндірушілер жатақханада жаттықты
Алда өрт қауіптілігі артатын жаз келеді. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті оған алдын ала қамданып жатыр. Техникалардың жарақтылығы тексеріліп, өрт сөндірушілер іс-қимылдарын пысықтауда. Бүгін тактикалық оқу-жаттығу Ақтөбе медициналық колледжінің жатақханасында өтті. Арнайы құрылған төтенше оқиға желісі бойынша 3 қатарлы жатақхананың екінші қабатында жалын тұтанып, өрт үшінші қабатқа жайылып кеткен. Шатырға өрт сөндірушілер сатыларымен шықты. Жатақхана қызметкерлерінің студенттерді қауіпсіз аумаққа көшіру іс-қимылдары да назарға алынды. Мұндайда абдырап қалмау маңызды. Ыждағаттылық пен жинақылық, топтық жұмыс бағаланады. Тактикалық оқу-жаттығуға барлығы 8 техника қолданылды. 40 қызметкер жұмылдырылды. Жаттығуға апаттық медицина қызметі де қатысты. Олар өрт кезінде зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсету, ауруханаға жеткізу жұмысын орындады. Құтқарушылар бабында екенін байқатты. Ақтөбе медициналық колледжі жатақханасының қайта жарақтандырудан өткеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Ғимарат іші дабыл құрылғысымен қамтамасыз етілген. Нысанның дербес өрт сөндіру құралы да бар. Өрт шыға қалған жағдайда өрт сөндірушілер келіп жеткенше қауіптің алдын алуға қауқарлары жетеді. |
Количество показов: 2061
Дата создания: 31.03.2014 18:22:59