ҚР ІІМ Марат Ахметжанов ақтөбеліктермен кездесті
Марат Ахметжановтың айтуынша, 30 жылда елде криминогендік ахуал жақсарған. Кісі өлтіру республика бойынша үш жарым пайызға төмендеген. Денсаулыққа ауыр зиян келтіру екі есеге, қарақшылық 6 жарым пайызға, зорлау қылмысы үш есеге, тонау төрт есеге, бұзақылық үш жарым пайызға азайған. Ақтөбе облысында қылмыстық жағдай тұрақты. Елде бір жылда тіркелетін қылмыстардың төрт пайызы осы өңірдің үлесінде. Жыл басынан облыста 5181 қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 пайызға аз. Облыста әр 10 мың адамға шаққанда орташа 27 қылмыстан келеді. Бұл республикалық көрсеткіштен біршама төмен. Бұл күнделікті ауқымды жұмыстардың нәтижесі, деді Марат Ахметжанов.
Өңірде соңғы екі жылда бірде бір қылмыс тіркелмеген ауылдар бар. Ырғыз ауданының Қызылжар ауылы, Алға ауданының Қарабұлақ, Мұғалжар ауданының Егіндібұлақ, Темір ауданының Таскөл ауылдық округтерін министр ерекше атап өтті. Өңірдегі қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етіп, қылмыстың алдын алуға үлес қосқаны үшін "Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге үлес қосқаны үшін" медалімен Алға ауданы әкімі Нұрбол Ержанов марапатталды. Есеп беру кездесуінен кейін министр азаматтарды қабылдады. Ішкі істер министрлігінің орталық аппаратына түскен сауалдарға да жауап берді. Мәселесін айтып келген әрбір тұрғынды мұқият тыңдап, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Ақтөбеліктер сондай-ақ, еліміздің бас полицейіне азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басты мәселелерді жеткізді. Мәселен, облыста соңғы жылдары жол-көлік оқиғаларының саны артқан. Апаттан зардап шеккендер мен қаза тапқандардың саны тым көп. Тұрғындар шаһардың бірқатар көшелерінде "Сергек" бейнебақылау камераларын орнатуды сұрады. Жол белгілері санын арттыру қажеттігі мәселесін көтерді. Кездесуде министр бұл мәселелерді облыс әкімімен бірге талқылайтынын жеткізді.
Количество показов: 608
Дата создания: 30.11.2022 19:29:31