Премьер-министр: Ақтөбенің ірі агломерацияға айналу мүмкіндігі мол
Ақтөбенің ірі агломерацияға айналуға мүмкіндігі мол. Болашақта кен, химия, мұнай және газ өнеркәсібі дамыған индустриалды-инновациялық орталық болып қалыптасуы тиіс. Өңірге жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы Серік Ахметов осылай деді. Облыстың атқарушы билік өкілдері және кәсіпкерлер қатысқан жиында Ақтөбенің әрі қарай қалай дамитыны сөз болды. Соңғы он жылда Ақтөбенің халқының саны 50 пайызға артқан. 2020 жылдарға қарай 541 мыңнан 750 мыңға дейін көбейеді деген болжам бар. Естеріңізге салсақ, президент Н.Назарбаев қала елдің урбанизация орталығына айналған алғашқы шаһарлардың бірі болатынын айтқан еді. Оған қоса Астана, Алматы және Шымкентпен бірге агломерация орталығы ретінде дамитыны белгілі болды. Ақтөбе агломерациясын дамытуға арналған жұмыстардың жобасы 2020 жылға дейін жоспарланып қойған. Еліміздің бірнеше қалаларының ішінен таңдаудың Ақтөбеге түсуінің мәнісін Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев түсіндіріп берді. Біріншіден, инвестициялық тұрғыдан тартымды. Өңірдің орталығына айналған қала. Көрші Ресеймен экспорт тасымалына ыңғайлы. Өндірістік ошақтар көп шоғырланған. Мұнай, газ, хром кен орындары бар. Осыны ескеріп, Үкімет Ақтөбе агломерациясын жасауды ұйғарды деді. Өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуы туралы баяндаған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарлама аясында 76 жобаны жүзеге асыру міндеті тұрғанын айтты. Тартылған инвестиция көлемі жағынан Ақтөбе Атырау мен Астанадан кейін үшінші орында. Облыс тұрғындарының 53 пайызы орталықта тұрады. Қазір 76 мың адам жер кезегінде, 12 мың адам пәтер кезегінде. Шалқар көлі қалпына келтіріліп, Ырғыз бен Ойылға көгілдір отын барады. Ақтөбені Атыраумен, Оралмен жалғап тұрған көлік жолдары жөнделетін болды. Премьер-министр ірі инвестициялық жобаларды іске қосу, ауыл шаруашылығы саласында жаңа кәсіпорындар құруға қатысты тапсырмалар берді. Бұл-бірінші кезекте жұмыспен қамту мәселесін шешеді. Жұмысы бар халықтың тамағы да тоқ болады деді үкімет басшысы. |
Количество показов: 1933
Дата создания: 29.01.2014 19:13:27