Православ христиандары Рождествоны атап өтті
Әлем православтарымен бірге, кеше ең маңызды діни мереке - Рождествоны ақтөбеліктер де атап өтті. Діни жоралғылар қаладағы барлық шіркеулерде тәулік бойы жалғасты. Ал, Қасиетті Николь шіркеуіне келгендерді өңір басшысы Архимед Мұхамбетов арнайы құттықтап, халықтың амандығын, ауызбіршілікте болуын тіледі. Мұсылмандар үшін Мұхаммед пайғамбар туған күн Мәулiт мерекесi қаншалықты маңызды болса, христиандар үшiн Рождество мерекесiнiң де маңызы соншалықты. Себебi, Рождество Иса пайғамбардың туған күнi. Iнжiлдегi аңызға сүйенсек, бұл түнi Вифлеем қаласында нәресте дүниеге келіп, оның туылғанын бақташылар аспанда ерекше жарық жұлдыздың пайда болуынан білген. Ол нәресте - әлемді құтқарушы Иса болатын. Содан бері, бүкіл христиан қауымы Рождествоны тойлап келеді. Діни жоралғылары бойынша, православ христиандары бұл күнді шіркеуде өткізіп, мінәжат етеді. Шырақ жағып, жаратқанға жалбарынады. Қайғыларымен бөлісіп, тілектерін айтады. Дінге берік жұртшылық Рождество күні оқылған дұғалар орындалады деп сенеді. Рождество күнінде Ақтөбедегі барлық шіркеулердің есіктері келушілер үшін айқара ашық болды. Жоралғылар тәулік бойы жасалды. Түнжарымда Владимир шіркеуінде басталған жоралғылар 7-ші қаңтардың таңында Қасиетті Николь шіркеуінде жалғасты. Күннің екінші жартысында қасиетті Архангел Михаил шіркеуінде кешкі қызмет жанданды. Рождество мерекесінде қаланың басты шіркеуіне аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов келіп, жиналғандарды рақымшылық, бейбітшілік, сүйіспеншілік мейрамымен құттықтады. Қазір Ақтөбе облысында алты шіркеу бар. Мұғалжар және Мәртөк аудандарында жаңа екі ғибадатхана салынып жатыр. |
Количество показов: 1991
Дата создания: 08.01.2014 22:50:12